Жетісу облысының полициясы ауа райына байланысты күшейтілген жұмыс режиміне ауысты
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM- Бүгін өңірде қалың қар түсіп, боран мен көктайғақтың салдарынан көлік қозғалысы қиындады. Жолдағы жағдайды бақылауға алып, жедел әрекет ету үшін 60 патрульдік қызмет батальонының қызметкері мен 28 автопатруль экипажы жұмылдырылды.

Жетісу облыстық полиция департаментінің дерегінше, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін полиция қызметкерлері күшейтілген қызмет режиміне ауысты.
Қазіргі уақытта «Алматы – Өскемен» бағытындағы маңызды жол уақытша жабылды. Барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды.
- Жолдардағы жағдайды бақылау үшін 60 патрульдік қызмет батальонының қызметкері мен 28 автопатруль экипажы жұмылдырылды. Оперативті мәліметтерге сәйкес, қолайсыз көріну мен мұзтайғақ жағдайында облыс жолдарында 182 жүк көлігі мен 200 жеңіл автокөлікке шектеу қойылды. Полицейлер жүргізушілерге көмек көрсетіп, жолдағы тәртіпті қамтамасыз етіп, көлік қозғалысын үйлестіруде, - деді Жетісу облысы полиция департаменті.
Жергілікті полиция қызметкерлері аймақ тұрғындарын аса қажеттілік болмаған жағдайда жолға шықпауға шақырады. Еске салайық осыған дейін Алтын Емел асуының уақытша жабылғанын жазғанбыз.