Жетісу тауларында бәйшешек гүлдеді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Текелі қаласына жақын, Екпінді ауылы маңындағы таулы аймақта көктемнің алғашқы хабаршылары — бәйшешектер гүлдей бастады. Табиғаттың нәзік көркін бейнелеген суреттерді әлеуметтік желіде тревел-блогер Төлеген Ернаров жариялады.
Тауда әлі де салқын ызғар сезілгенімен, аппақ гүлдер тоң жамылған топырақты жарып шығып, табиғат сүйер қауымның назарын аударып отыр. Дегенмен мамандар бұл гүлдерді жұлуға қатаң тыйым салынатынын ескертеді.

— Бәйшешек Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген, яғни бұл өсімдік мемлекет қорғауында, — деді Жетісу облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрболат Ноғайбеков.
Бәйшешек — ерте көктемде гүлдейтін құртқашаштар тұқымдасына жататын көпжылдық тамыр түйнекті өсімдік. Ол небәрі екі-үш апта шамасында ғана гүлдейді.

— Бәйшешекті жұлуға, қазып алуға және сатуға тыйым салынған. Сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар өсімдіктермен заңсыз әрекет жасағандарға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, — деп атап өтті Жетісу облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Қалықова.
Аталған баптың санкциясына сәйкес, құқық бұзғандарға 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу, үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген.
Еске салайық, Алматының бас ботаникалық бағында галантус гүлінің гүлдегенін жазған едік