Жетісу тұрғыны бал сататын өскемендікті алдап, 100 мың доллар шығынға батырды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қалалық №2 сотында аса ірі көлемдегі алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қаралды.

Бал сатумен айналысатын өскемендік өз өнімін қайта өңдеуге арналған жабдық сатып алмақ болады. Сөйтіп, қажетті техниканың Қытайда бар екенін танысынан естиді. Ол болса жабдықтың алдын ала төлемін Жетісу облысында тұратын басқа бір танысы арқылы жіберу қажеттігін айтады.
Жетісу тұрғыны Өскеменге келіп, кәсіпкерден 100 мың доллардан астам қаражатты алған. Өзіне сендіру үшін қытайлық делдалмен бейнеқоңырау арқылы байланыс орнатқан. Алайда арада біршама уақыт өткенде жабдықты жеткізгеннің орнына, хабар-ошарсыз кетеді.
- Сот барысында анықтағандай, ол қаржыны жеке қажеттіліктеріне жұмсап тастаған. Оның қайда жүргені ұзақ уақыт белгісіз болды. Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындаудан бас тартты. Десе де тергеу кезінде іс бойынша қолхаттар, аудио және бейнематериалдар, куәгерлердің айғақтары жиналған, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.
Сот үкімімен сотталушы аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол жәбірленушіге келтірілген материалдық залалды өтеуге міндеттелді.
Еске салсақ, осыған дейін аса ірі алаяқтық жасаған қазақстандық азамат Грузияда ұсталғаны жайлы жазғанбыз.