Жетісу жауһарлары: Ешкіөлмес петроглифтері

Жетісу облысында бітік тастар мен ежелгі қорымдардың үлкен шоғыры бар. Қазір ғылыми негізделіп, тарихи мұралар тізіміне енген табиғи нысандар туристердің көзайымына айналып отыр. Бұл қатарда Ешкіөлмес жотасы маңындағы петроглифтерді айтуға болады, - деп хабарлайды Kazinform.

Ешкіөлмес
Фото: archaeology.kz

Атауы айтып ұрғандай, Ешкіөлмес жотасы ежелгі заманнан малға жайлы атақоныс болған мекен. Шөбі шүйгін, қысы жайлы шатқал көшпелі өркениеттің тіршілік етер тірек ортасы ғана емес, ежелгі адамдардың тұрмыс-салтынан да хабар беретін киелі орынға ұқсайды. Қазір ғылыми негізделіп, «Ешкіөлмес петроглифтері» деген атауға ие болған аумақ 1998 жылы «ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандар» тізімінің «Аралас (Мәдениет+Табиғат) санатына» қосылып, арнайы қорғау мәртебесін иеленген.

Бұл жұмыстың басында Әлкей Марғұлан атындағы археология институты тұр. Ал шатқалдағы ежелгі өркениеттің ізін алғаш рет 1970 жылы геолог Людмила Скрынник тапқан екен. Кейіннен, 1982 жылы академик Александр Марьяшев бастаған Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының археологиялық экспедициясы ресми зерттеу жұмысын бастап, Ешкіөлмес жотасында тек тасқа бәдізделген суреттер ғана емес, өте ерте кезеңдегі қорымдар мен ырым рәсімдері жасалатын орындардың болғанын дәлелдеген. 

Ешкіөлмес
Фото: archaeology.kz

- Ешкіөлмес жотасының петроглифтерінде скифтік-сібірлік аң стилі дәстүрінің пайда болуы анағұрлым ашық байқалады және Солтүстік-шығыс Жетісудың тас өнерінің негізгі көркемдік дәстүрі көрінеді. Жартастарға сурет салудың өзіндік ерекше тәсілдері мен жергілікті ежелгі суретшілердің көркемдік бейнелеу өнері болғандығы сөзсіз. Жартастарға граффити – қашау техникасымен ойылып салынған, кейде 1-2 см-ден аспайтын кіп-кішкентай бейнелер әсемдігімен ерекше көзге түседі. Басқа да осы типтегі ескерткіш- терге қарағанда мұндағы жартас өнері – осындай ерекшеліктерге анағұрлым бай және алуан түрлі, Ешкіөлмес ғибадатханасының суреттері саны жағынан әлемге танымал Тамғалытас кешенінен асып түседі, - деп жазылған сол кездегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының археологиялық экспедициясының мүшері жазған ғылыми есептердегі мәліметтерде.

Ешкіөлмес тау жотасы Талдықорған қаласынан 30 шақырым қашықтықта, оңтүстік бағытқа қарай 1 сағаттық жерде созылып жатыр. Тау баурайында кішігірім 24 шатқал бар екен. Архелогтар бұл маңнан табылған өркениет іздерін кешенді ескерткіштер тобына қосады. Әр тұстағы қазба жұмыстары жерлеу орындарын, қорғандарды, қорғандардың маңына қойылған ғұрыптық қоршауларын тапқан. Анықталған тас мүсіндер, балбал тастар, жартастардағы суреттер мен таңбаларға қарап ғалымдар бұл маңдағы бәдіз іздерін ойма жазулар тобына жатқызады. Жалпы, Ешкіөлмес аңғарында қола дәуіріне жататын 4 мыңнан астам петроглифтер сақталған. Тастағы аң, құс бейнесі, ғұрыптық таңбалар өте жақсы сапада көрінеді.

Ешкіөлмес
Фото: archaeology.kz

Ешкіөлмес жотасы қазір Ескелді ауданындағы туристердің назары ауған тархи мекенге айналып келеді. Мұндағы арғысы б.з.д. 2 мыңжылдықтың ескерткішіне жататын, қола дәуірі кезеңіне кіретін табиғи ескерткіштерді тануға деген қарапайым жұрттың ықыласы ерекше екен. Енді аудан аумағында келушілерге жағдай жасап, тұтас туристік кластер қалыптастыру міндеті тұр.

Осы мақсатта келер жылы Ешкіөлмес петроглифтеріне келетін туристер үшін арнайы музей үлгісінде визит-орталығы салынуы мүмкін. Бұл туралы Ескелді аудандық мәдениет үйінде өткен тұрғындарымен кездесуі кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтып, уәде берген. 

- Туристерді тарту мақсатында арнайы музей үлгісінде визит-орталығын салу үшін экономика және бюджеттік жоспарлау, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларына бірінші кезекте тапсырма беріледі. Енді тарихи-мәдени ескерткіштің аумағында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, музейге айналдыру жүмысна қаражат қарастыру керек. Екіншіден, аудан басшылығы демалушыларға тиісті инфрақұрылым, жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлігінде жайлы демалыс үшін барлық жағдайды жасайды, - дейді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.

Соңғы жаңалықтар