Жетісуда эвакуациялық пункттерді анықтайтын QR-тақтайшалар ілінді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Жетісу облысында ТЖД мен әкімдіктер бірлесіп, QR-тақтайшаларын іліп жатыр. Тұрғындар кодты сканерлеу арқылы жақын маңдағы эвакуациялық пункттерді анықтай алады.

Өңірдегі әрбір қала мен ауданда эвакуациялық пункттер белгіленген. Олардың жалпы саны — 235. Табиғи апат, техногендік авария немесе басқа да төтенше жағдайлар кезінде эвакуацияланған адамдарды уақытша баспанамен, тамақпен, медициналық және психологиялық көмек түрлерімен сол жер қамтамасыз етеді.

Пункттер туралы кеңінен хабардар ету мақсатында департамент әкімдіктермен бірлесіп QR-тақтайшалар орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кодты сканерлеу арқылы карталардан жақын маңдағы эвакуациялық пункттерді көруге болады. Жалпы облыс бойынша 1078 QR-тақтайша орнатылды.
– Облыс аумағында 235 халықты қабылдау пункттері бар. Оның 31-і Талдықорған қаласында. Облыс тұрғындары төтенше жағдайлар болмаса да өздерінің тұрғылықты жеріне жақын пункттерді ілінген QR-код арқылы алдын ала біліп алуы керек. Қандай да бір жағдай тіркеле қалса, сол жерге дереу бара алады, - деді Жетісу облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Азамат Қақашев.

Еске салайық, осыған дейін Жетісу облысында жылыту маусымы басталғалы 101 өрт оқиғасы тіркелгенін жазғанбыз.