Жетісуда қызылша өткізу үшін көлігінде түнеген фермерлерге ыстық тамақ ұйымдастырылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысында себілген 13,7 мың гектар қант қызылшасының бүгінгі күні 11,5 мың гектары, немесе 83,7% қазылып, 545 мың тонна өнім алынды. Қалған 2,2 мың га алқапта жиын-терін жалғасып жатыр. Қызылша қазуға 80 комбайн жұмылдырылған. 

қант қызылшасы
Фото: Жетісу облысы әкімдігі

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 18 қарашадағы мәліметіне қарағанда, қант зауыттарына 445 мың тонна өнім өткізілген.

Соның 212 мың тоннасы — Көксу қант зауытына, 233 мың тоннасы — Ақсу зауытына, одан бөлек Ақсуға 29 мың тонна тәтті түбір Жамбыл облысынан жеткізілген.

— Қант қызылшасына берілетін субсидия көлемі ұлғайтылған соң бұл дақылды өсірудің табыстылығы да өсіп, шаруалардың қызығушылығы артты, сөйтіп биылға жоспарланған 10,7 мың гектардың орнына 13,7 мың гектарға, яғни 3,0 мың гектарға артық себілді. Шаруалардың өсірген өнімін дер кезінде қазып алып, зауыттарға өткізуі аса маңызды. Сондықтан өнімді жинау және қабылдау 15 қыркүйектен басталды. Қазір екі зауыт бекітілген кестеге сәйкес күнделікті жалпы 5 мың тонна қант қызылшасын қабылдап отыр, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Қызылша өткізуге кезекте тұрған көлік жүргізушілеріне қолайлы жағдай жасау үшін оларға ыстық тамақ ұйымдастырылған. Бұл іске Көксу, Ақсу аудандарымен қатар қызылша өсіруші барлық аудан-қалалардың жергілікті атқарушы органдары да атсалысып жатыр.

қызылша
Фото: Жетісу облысы әкімдігі

Биыл облыста егін шаруашылығы бағытына жалпы 14 млрд. теңге бөлінді, соның 9,7 млрд теңгесі басым дақылдарды субсидиялауға, 2,6 млрд. теңгесі минералды тыңайтқыштарды, 1,2 млрд теңгеге жуығы тұқымды, 483 млн теңгеге жуығы пестицидті субсидиялауға қарастырылды.

Сол сияқты көктемгі дала және өнімді жинау жұмыстарына 11 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен қант қызылшасы бағытында 
5 ауданда жаңа 8 сервистік-дайындау орталығын құруға 2,5 млрд теңге бөлініп, 62 техника шаруашылықтарға лизингке берілді, соның 28-і сепкіш, 15-і — жапырақ жинағыш машина, 19-ы — комбайн.

Бүгінгі күнге қант зауыттары шаруашылықтарға қабылдаған қызылшаға 3,3 млрд теңге төледі, оның ішінде Көксу қант зауыты — 1,4 млрд теңге, Ақсу қант зауыты — 1,9 млрд теңге.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан шаруашылықтардан түскен 160 өтінім бойынша 3,1 млрд теңге субсидия төленді. 

қызылша
Фото: Жетісу облысы әкімдігі

Еске салайық бұған дейін Жетісу облысында Көксу қант зауытына қызылша өткізетін шаруалар 2-3 тәуліктеп көліктеріне қонып, кезек күтіп жатқанын жазғанбыз.  

Соңғы жаңалықтар