Көксу қант зауытына кезек 1 шақырымнан асып кетті: Шаруалар көлікте қонып жүр

қызылша
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысында Көксу қант зауытына қызылша өткізетін шаруалар 2-3 тәуліктеп көліктеріне қонып, кезек күтіп жатыр. Зауыт күніне 150-160 техникадан қабылдауда. Ұзын-сонар көліктер тізбегі 1 шақырымнан асып кетті.

зауыт
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

Талдықорғаннан Алматыға беталған жолаушылардың бәрі Бақтыбай ауылынан басталған жол үстінде қызылша тиеген техникалар тізбегін көрген шығар.

Оның бәрі Балпық би ауылындағы Көксу қант зауытына осы өңірден өнімдерін тиеп әкеліп, кезек күткен шаруалар. Қиыны сол — қарашаның қар аралас жауынды күнінде жүргізушілер техника ішінде тамақтанып, сонда қонуға мәжбүр. Сағаттап тұрып, қарға адым ғана жер жүреді.

жүргізуші
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

— Жатырмыз міне, кезек күтіп. Алды жүрмейді. Мысалы кеше 4 сағатта 10 метрге жетпейтін ғана жер жүрдік. Зауыт дұрыс жұмыс істемей ме? Заманға лайық техника алса болады ғой. Таңертең көлігіміз оталмай қалады. Түнімен пеш қосқаннан аккумуляторымыз отырып қалып жатыр. Күн суытты, жағдай қиын болып тұр. Тамақты үйден әкеліп ішкенбіз. Енді асханадан ішеміз. Ол да қалтаны қағып жатыр. Бүгін енді үлгерем бе, білмеймін? — дейді Қаратал ауданынан келген жүргізуші Қали Қанапия.

Ал Жарлыөзек ауылының тұрғыны Бауыржан Мамықбай мұнда кеше таңертең келген. Зауыт жұмыс істеп тұр ма, жоқ па — білмейді. 

шаруа
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

— Бір күннен асты, әлі отырмыз. Ертең зауытқа кіре алсақ жақсы болар еді. Сағат түскі 13:00 шамасында Бақтыбай ауылының жанармай бекетіне жеттім. Содан сағат 18:00–ге дейін тұрдық та, Шұбардың бағдаршамынан өтіп тоқтадық. Тракторға қондым. Тамақты ауылдан үйдегілер беріп жібереді. Ауылдағы шаруалар қиын болды. Қызылшаны 10 күн бұрын қаздым. Бұл енді кеуіп кетті. Ертең өткізсем біріншіден салмағын жоғалтады, екіншіден осылай жата берсе шіріп, бұзыла бастайды, — дейді фермер. 

қант
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

Қыркүйек, қазан айларында 3 мың тоннаға дейін өнім қабылдаған Көксу қант зауыты қазір жүктемені 3 жарым мың тоннаға дейін арттырған. Таңғы сағат 8:00–ден кешкі 20:00–ге дейін қызылша қабылдап жатыр. Күніне 150-160 көлік кіріп үлгереді.

Ұзын-сонар кезектің созылып жатқанын зауыт басшысы шаруалардың өнімді күнбе-күн үздіксіз жеткізіп жатқандығымен байланыстырды.

қызылша зауыт
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

— Кезекте 3-4 күн тұрдық деген бекер әңгіме. Себебі қазір кезекте жобамен 300 көлік тұр деп есептейік. Бақтыбай ауылына дейін 280 техника сыяды. Ары көшеде тұрғандары бар. Мейлі 400 машина болсын. Күніне 150-160 көлік қабылдадық дегенде олардың 3-4 күн тұруы мүмкін емес қой. Екінші күні кіріп кетеді. Олар 4-ші күн қайда жүр сонда? Алдында аймақтардың кезегін құрып, кесте жасадық. Оған бағынып жатқан жоқ. Себебі тұрған техникалардың 85% — жекеменшік жалдамалы көліктер. Шаруалар өнімді тиеп жібереді, олар тасиды, — дейді Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.

Зауыт директоры ерте жиналып, техникаға артылған өнімдеріміз салмағын жоғалтады деген шаруалардың шағымына да жауап берді.

Абатов
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

— Біз қабылдап алған өнімдер 50-60 күннен кейін пышаққа түседі. Біз де айлап сақтап отырмыз ғой. Сол сияқты ол көліктің үстінде тұрғанға дымы да кетпейді. Ал, қабылдап алғанда тазалығына яғни, батпағы, топырағы, жапырағына ғана қараймыз. Қайта қызылшаның қазір қанттылығы артып, ауырлады, — дейді Алтынбек Абатов.

Оның айтуынша, зауытты кеңейту және оған керекті жаңа құрылғы алдырту жұмыстары басталған. Қыркүйектен бері Көксу қант зауыты 190 мың тонна тәтті түбір қабылдаған. Жылдық жоспар — 250 мың тонна.

қант қызылшасы
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

Еске салайық, жетісулық шаруалар қызылшаны зауытқа өткізу үшін тәуліктеп кезекте тұрғанын бұған дейін де жазғанбыз. Бұл мәселенің әзірге шешілетін түрі көрінбейді. 

қант зауыты
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform
Соңғы жаңалықтар
telegram