Жетісуда көрнекі ақпараттың тілдік сапасына қойылатын талап күшейтіледі

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысында кәсіпкерлік нысандардағы көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінің мемлекеттік тілде сауатты жазылуын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жұмыстары басталды. Бұл туралы Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық Қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Ермек Ақшабаев мәлімдеді.

Жетісуда көрнекі ақпараттың тілдік сапасына қойылатын талап күшейтіледі
Фото: Pixabay.com

— Анықталған заңбұзушылықтар бойынша кәсіп иелеріне ескертулер беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Көрнекі ақпараттың мазмұны мен мәтіні Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заң талаптарына сай болуы тиіс, — деді Ермек Ақшабаев.

Оның айтуынша, бүгінге дейін Талдықорған қаласы бойынша 220-дан астам кәсіпкерлік нысан тексеріліп, 113 құқықбұзушылық тіркелген. Жиі кездесетін қателіктердің қатарында мемлекеттік тілдегі аудармалардың мағынасы бұрмалануы, орфографиялық және грамматикалық қателердің болуы атап өтілді.

Басқарма мамандарының хабарлауынша, мұндай тексерістер алдағы уақытта да жалғасын табады. Мониторингтік топтың құрамында облыстық Қоғамдық даму басқармасынан бөлек, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Жетісу облыстық филиалының өкілдері де бар.

— Қоғамдық орындарда немесе кәсіпкерлік нысандардағы көрнекі ақпаратта кеткен тілдік қателер туралы кез келген азамат «E-otinish» платформасы арқылы тиісті органдарға хабарлай алады, — деп атап өтті басқарма өкілі.

Сондай-ақ жарнама агенттіктерімен бірлескен жұмыстар жанданып, өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылуда. Мемлекеттік тілдегі мәтіндердің сапасын арттыру мақсатында арнайы жадынамалар дайындалып, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таратылады.

Айта кетейік, қазақ тіліндегі балалар әдебиеті цифрлық форматқа көшірілетінін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар