Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жетісуда Отбасын қолдау орталығының заңгері әйеліне қол көтергені үшін сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған азамат сотталды. Ол қылмыс жасаған кезде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін «Жанұя» Отбасын қолдау орталығында заңгер болып жұмыс істеген.

Жетісуда Отбасын қолдау орталығының заңгері әйеліне зорлық көрсеткені үшін сотталды
Фото: pixabay

Қаратал аудандық сотында қаралған қылмыстық іс бойынша азамат тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол кәсіби қызметі барысында жәбірленушілердің құқықтарын қорғауға көмектескенімен, өзінің жұбайына қатысты заңға қайшы әрекеттер жасаған.

Сот отырысында Қаратал ауданы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысы оның кінәсін толық дәлелдеді.

Сот үкімімен оған 200 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.

Жетісу облысының прокуратурасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін еске салды. Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан заңнамасында жауапкершілік көзделген.

Еске салайық, бұған дейін Ақтауда қызға зорлық көрсетемін деп қорқытқан ер адам 30 тәулікке қамалғанын хабарлағанбыз.