Жетісуда полицейлер өртенген жүк көлігінен 38 жылқыны құтқарды
АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысында Алматы – Өскемен тасжолында қозғалыс кезінде өртене бастаған жүк көлігінен полицейлер 38 жылқыны аман алып шықты. Тәртіп сақшылары өрт сөндірушілер келгенше малды қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл туралы ІІМ-нің баспасөз қызметі мәлім етті.
Бүгін Алматы – Өскемен тасжолының 175-шақырымында патрульдеу жүргізіп жүрген полиция қызметкерлері қозғалыс кезінде өртене бастаған Volvo жүк көлігін байқаған.
Тәртіп сақшылары дереу тоқтап, өрт сөндіргіштерді алып, жүргізушіге көмек көрсетуге асыққан. Жүк көлігінің ішінде 38 жылқының болуы жағдайды күрделендіре түскен.
Өрт сөндірушілердің келуін күтпестен, полиция қызметкерлері малды құтқаруға кіріскен. Сонымен қатар олар өртті сөндіру шараларын да қатар жүргізген.
Полицейлердің жедел әрі батыл әрекеттерінің арқасында барлық жылқы қауіпсіз жерге шығарылды.
Анықталғандай, жүргізуші жылқыларды Күршімнен Шымкентке тасымалдап бара жатқан. Ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Полиция қызметкерлерінің кәсібилігі, сабырлылығы мен жанашырлығы оқиғаның ауыр зардаптарға әкелуіне жол бермеді.