Жетісуда полицейлердің жалақысына қанша қаржы бөлінді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — 2025 жылы Жетісу облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің еңбекақысы ұлғаяды, деп хабарлайды ведомствоның қаржымен қамтамасыз ету басқармасы.

Облыстық полиция департаментінің бюджет жайлы құжатына сәйкес, 2025 жылы ведомствоның қызметін қаржыландыру көлемі республикалық және жергілікті бюджет есебінен ұлғайып отыр.
— 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, келесі жылға республикалық бюджеттен 3 млрд 969 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның 3 млрд 194 млн теңгесі тікелей еңбекақы төлеу қорына бағытталады. Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 300 млн теңгеге көп. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен бөлінген 13 млрд 542 млн теңгенің 6 млрд 571 млн 384 мың теңгесі жалақы төлеуге бағытталған. Бұл өткен жылғы 5 млрд 297 млн теңгемен салыстырғанда жоғары, — делінген хабарламада.
Бұл өзгеріс тәртіп сақшыларының қызметіне деген талап пен жауапкершіліктің өсуімен қатар жүруі тиіс. Сонымен қатар полиция қызметкерлерін қолдау — өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі.
Айта кетейік, өткен жылы полицияға бөлінген қаржы толығымен игерілген. Жергілікті бюджеттен 12,9 млрд теңге бөлініп, игеру деңгейі 99,3 пайыз болды.
Ал республикалық бюджеттен 3,8 млрд теңге қарастырылып, түгелдей мақсатты түрде жұмсалды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жетісу облысында полицейдің түтінге тұншыққан үйден үш баланы аман алып шыққанын хабарлаған болатынбыз.