Жетісуда шетелдіктер иелік еткен 2,3 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысында шетелдік қатысуы бар компанияның заңсыз иелігіндегі 2,3 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Жер учаскелерінің жалпы құны шамамен 50 млн теңге болған.
Жер заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау барысында бұл жерлерге иелік еткен компанияның құрылтайшылары Иранның үш азаматы екені анықталған. Жер учаскелері Ескелді ауданында орналасқан және Қазақстан Республикасының Жер кодексі талаптарын бұза отырып берілген.
Мемлекет мүддесін қорғау мақсатында Ескелді ауданының прокуратурасы жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару туралы сотқа талап арыз берген.
Сот прокуратураның талабын қанағаттандырып, 2,3 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жерін мемлекетке қайтару туралы шешім шығарды.
Алайда сот шешімі әзірше заңды күшіне енген жоқ.
Прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде Жетісу облысында жалпы құны 1,7 млрд теңгеден асатын 41,1 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылған.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында 121 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын жазған едік.