Жетісуда жасөспірімдерге қатысты қылмыс 22,9 пайызға өскен
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Аталған өңірде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жыл басынан бері 2080 рейдтік іс-шара өткізілген.

Бұл туралы Kazinform ақпарат агенттігінің ресми сауалына жауап берген Жетісу облысы Полиция департаменті хабарлады.
— Аталған рейдтер білім беру органдарының өкілдерімен бірлесіп жүргізілді. Оның нәтижесінде 3257 құқықбұзушылық дерегі анықталып, олардың жолы кесілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,9 пайызға көп, — делінген департамент жауабында.
Сондай-ақ Полиция департаменті кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс және ойын-сауық орындарында жүруінің 2236 фактісі тіркелгенін хабарлады.
— Аталған заңбұзушылықтарға жол берген ересектер ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді ведомство.
ПД мәліметінше, ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаған 579 заңды өкіл ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша жауапқа тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өсімді көрсетеді (2024 ж. қаңтар — мамыр аралығы — 289).
— Балалардың түнгі уақытта көңіл көтеретін орындарда заңды өкілдерсіз болуына жол берген 16 факті тіркеліп, құқық бұзушылар 132-баппен жауапқа тартылды, — деп нақтылады департамент.
Сонымен қатар жыл басынан бері 44 жасөспірім уақытша оқшаулау орталығына жеткізілген. Олардың 15-і қадағалаусыз, 29-ы ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар.
— Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияларда 61 іс қаралып, нәтижесінде 14 ата-ана құқығынан айырылды, тағы 14 ата-ананың құқығы шектелді, — делінген жауапта.
Жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру мақсатында білім беру мекемелерінде 1409 құқықтық дәріс оқылып, бұқаралық ақпарат құралдарында 1350 мақала жарияланған. Сонымен қатар облыс аумағында ата-аналар мен мектеп өкілдерінің қатысуымен 30 семинар өткізілген.
— Облыс мектептері мен колледждерінде 344 сенім жәшігі орнатылып, 510 жасырын сауалнама жүргізілді. Оған 43 950 оқушы қатысты, — деп қорытындылады Полиция департаменті.
Бұған дейін, Қазақстанда соңғы бес жылда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс саны азайғанын жазғанбыз.