Жетісудан табылған ортағасырлық қалаға әлі сараптама жасалған жоқ

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Қазақстандық зерттеушілер Жетісу өңірінен бұрын белгісіз болып келген ортағасырлық қаланың орны болуы ықтимал жаңа археологиялық нысан тапқанын хабарлады. 

Жетісудан табылған ортағасырлық қалаға әлі сараптама жасалған жоқ
Фото: Ольга Гумированың Facebook-тегі парақшасынан

– Бүгінгі күн бекер өткен жоқ – біз бұрын тек жазба деректерден ғана белгілі болған ортағасырлық қаланың орнын таптық деп ойлаймыз. Археологтар бұл туралы хабардар, - делінген петроглифтер зерттеуші топтың өкілі Ольга Гумированың жолкүнделігіндегі жазбада. 

Сонымен қатар бұл нысан алғаш рет бір карьер аумағында байқалған. Ғалымдар жер бетінен шығып тұрған күйдірілген кірпіш пен қабырға қалдықтарын, сондай-ақ ішінара сақталған мұнараны анықтаған. Алдын ала болжам бойынша, қала XIII ғасырдағы моңғол шапқыншылығы кезінде өртеліп, қиратылған. 

Жетісудан табылған ортағасырлық қалаға әлі сараптама жасалған жоқ
Фото: Ольга Гумированың Facebook-тегі парақшасынан

Зерттеушілердің айтуынша, бұл археологиялық кешен көлемі мен маңыздылығы жағынан Талхиз немесе Қойлық қалашығына тең. 

– Жетісу облысының әкімдігіне құтты болсын айтамыз – енді Ұлы Жібек жолының бойында тағы бір тарихи нысан бар. Өкінішке қарай, қалашықтың бір бөлігі карьермен бүлінген, ал кей тұстары заңсыз қоқыс алаңына айналған, - дейді зерттеушілер.

Осы мәселеге қатысты KAZINFORM тілшісі Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтына хабарласып, жағдайдың мән-жайын анықтауға тырысты.

Жетісу облысы
Фото: Ольга Гумированың Facebook-тегі парақшасынан

Аталған дерек бойынша түсініктеме берген аталған институттың ғылыми қызметкері Александр Горячев Жетісу аймағының ғылыми қызығушылық тудыратын аумақ екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл өңірде ол институт археологиялық зерттеу жұмыстарын соңғы 30 жыл бойы жүйелі түрде жүргізіп келеді.

– Иә, біз бұл маңнан табылған кірпіш қалдықтары туралы хабардармыз. Алайда қазіргі уақытта бұл нысанға қатысты ресми археологиялық сараптама жасалған жоқ. Сәйкесінше, ол туралы нақты ғылыми тұжырым айту ерте. Фотосуреттерге қарағанда, табылған кірпіштер ортағасырлық стандарттарға сәйкес келмейді, - дейді А. Горячев.

Сонымен қатар ол биыл тамыз айының соңына қарай осы аумақта кешенді ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.

Еске сала кетейік, Жетісуда сақ дәуірінің қорғандары заңсыз қазылып, бүлінгенін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар