Жетісулық шаруалар жүгері бағасына алаңдайды

Жетісу облысындағы Панфилов ауданының тарихы жүгері өсіруші диқандардың даңқымен тығыз байланысты. «Дала аруы» атанған дақыл егістігіне қазір де басымдық берілген. Биыл ауданда 26 750 гектар алқапқа жүгері егілді. Өнімділік жоғары. Алайда шаруаларды жүгерінің бағасы алаңдатып отыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

жүгері
Фото: Pixabay

Бірер апта бұрынғы дерек бойынша, облыста дәндік жүгерінің 12,2 мың гектары жиналып, одан 74,8 мың тонна өнім алынған.

Әр гектарға шаққандағы орташа өнімділік 61,3 центнерден айналып отыр. Ал Панфилов ауданындағы жүгерінің жиын-терін үлесі 30 пайыздан асқан.

Тек таулы өңірдегі алқаптарға орақ кештеу түседі. Бірақ жергілікті шаруаларды өнімнің көлемі емес, орылған дақылды өткізу құнының төмендеп кетуі әбігерге салуы мүмкін.

Өйткені қазір жүгерінің әр келісіне қойылған сатып алу бағасы 70-75 теңге аралығында құбылып тұр. Бұл — өте төмен баға.

Былтыр өткізу құны 126 теңге болған. Сатып алу бағасының мұншалық құлдырауына Ресейден шектеусіз келіп жатқан дайын жүгері дәні мен жүгері өнімі көлемінің артуы әсер етіп отыр екен.

— Аудан диқандары жүгері өсіруге бейімделген. Ата кәсібіміз десек те болады. Жүгері жақсы шығып, өнімді діттеген бағаға өткізсе, шаруаның мұрты майланады. Шығынын өтеп, келер жылдың қамына кіріседі. Былтыр жүгерінің әр келісіне 126 теңгеден төленген болатын. Бұл шаруаларды ынталандырып, егістік алқаптың көлемін ұлғайтуға серпін берген еді. Алайда биылғы баға көңілден шықпай тұр. Қазір зауыт жүгеріні 15 пайыз ылғалдылықпен 80 теңгеден қабылдап жатыр. 15 пайыз деген — жоғары сапалы жүгері. Пайызына қарай құны да өзгереді. Мысалы, 15-22 пайыз ылғалдылықпен өткізген өнімге 75 теңге, ал 22 пайыздан жоғары дәнге 70 теңге ғана төленіп отыр. Өкініштісі, шаруаларымыз шығынға батайын деп тұр, — дейді Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек.

Жалпы, Ресейге салынған экономикалық санкциялардан кейін Қазақстан нарығындағы ауыл шаруашылығы дақылдары өнімінің бағасы күрт төмендеп, отандық өнеркәсіп пен шаруалардың еңбегі ақталмай отырғаны жасырын емес.

Оған жетісулық шаруалардың жанайқайы куә. Бұған түрлі себеп бар. Біріншіден, әлем бойынша астық өнімдерінің дағдарысы шегіне жеткеніне қарамастан азық-түлік өндірісі өнімдерінің құны едәуір арзандап келеді.

Мысалы, биыл дүниежүзілік нарықтағы бидай бағасы - 14 пайызға, ал жүгері бағасы - 23 пайызға төмендегені туралы статистика бар.

Екіншіден, отандық нарыққа бағытталған экспорттың қарқыны жылдам көбею үстінде.

Айталық, экономикалық санкция қыспағындағы Ресейдің агроөнеркәсіп өнімдерінің қуаты төмендеудің орнына арта түскен. Бұрынғыдай әлемдік сауда-саттыққа шығудың жолы кесілген көрші елдің өнімі алдымен біздің нарықты жаулайтыны анық.

Бұл жағдай көптеген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге оңай соқпай тұр. Демек, жүгері дайындау ісіндегі диқандардың еңбегі еш болатындай жөні бар.

Қазір Ресейдің ішкі өндірісіндегі жүгері өңдеу мен өнімін шығару үлесі артқаны айтылуда.

Мысалы, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда бірқатар кәсіпорындардың өнім көлемі күрт өскен.

Оның ішінде жүгері крахмалын өңдейтін «Чаплыгинский» крахмал зауытының өнімі — 98 пайызға, «Хоботовский» крахмал өнімі кәсіпорны — 83,2 пайызға жүгері ұнын артық өндіріпті.

Ал отандық шаруалар өсірген жүгеріні негізінен Жаркент крахмал сірне зауыты қабылдайды. Мұнда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Дайын өнімнің 60 пайызын еліміздің өндірістік кәсіпорындары тұтынса, қалғаны алыс-жақын шетелдерге экспортталады.

Соңғы жаңалықтар