Жезқазған абақтысынан қылмыскерлердің қашып кетуіне байланысты 11 полицей қызметінен босатылды - министрлік

Жезқазған қаласы Ішкі істер басқармасының 11 полиция қызметкері қызметтерінен босатылды.
Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен брифинг барысында ведомство баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Ресми өкілдің айтуынша, босатылған қызметкерлердің арасында қалалық ІІД бастығының орынбасары, уақытша ұстау абақтысының бастығы мен оның орынбасары, кезекші полиция қызметкерлері, уақытша ұстау абақтысының кезекшісі, сондай-ақ айдауыл қызметкерлер бар. Ал Жезқазған ІІД бастығы мен Қарағанды облысы арнайы мекемелер мен конвоирлау бөлімінің басшысы қызметінен шеттетілді.
Сонымен қатар Н.Ораз Жезқазған қалалық ІІД уақытша ұстау абақтысының 3 кезекші полиция қызметкері ұсталып, олардың Қарағандыға әкелінгенін атап өтті. Оларға қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетсек, 4 мамырда сағат таңғы 5-те Жазқазған қаласының ІІБ-нің уақытша ұстау абақтысын кезекшілік ауысыммен тексеру кезінде камералардың бірінен тергеудегі 5 адамның қашып кеткендігі анықталған болатын. Олардың басым денін 21-25 жас аралығындағы жастар құрады, біреуі адам өлтіру, қалғандары ұрлық пен көлікті айдап кету қылмысы бойынша айыпталған болатын. Барлығы да Жезқазған қаласының тұрғындары.