Жезқазған аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуына биыл 14,4 млрд. теңге қарастырылған

ҚАРАҒАНДЫ. 11 қазан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытау өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2017 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру барысы бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады аймақ басшысының баспасөз қызметі.
None
None

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметтерінше, биыл кешенді жоспардағы шараларды іске асыру үшін республикалық және облыстық бюджеттерден, сондай-ақ бюджеттен тыс қаражат есебінен 14,4 млрд. теңге қарастырылған.

«Бағдарлама бағыттарының бірі - минералдық-шикізаттық базаны кеңейту бойынша Жезқазған кен орнындағы қорларды қайта бағалауды орындайтын 3 мердігер анықталды, олармен келісім-шарттарға қол қойылды. Жобалар әзірленіп, бекітілді, Жезқазған кенішінің таулы аумағында бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Сынама үлгілер іріктеліп, коммерциялық ұсыныс дайындалуда. Жоғарыда аталған жұмыстарды орындау бойынша радиоактивті және улы заттарды сақтау және көмуге арналған  арнайы құрылымдар кешенін қайта өңдеудің мақсаттылығы анықталады», - деп баяндады экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Жәлелиден Смағұлов.

Жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде, деп атап өтті ол.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға келер болсақ, бүгінгі күнге дейін Жезқазған ЖЭО-на күрделі жөндеу жүргізу, қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстарының кестесі жасалынды, қаладағы шағын қазандықтар құрылысына қатысты бірінші кезекте атқарылуы тиіс жұмыстар көлемі анықталды, Үйтас-Айдос су қоймасының ағынын қалпына келтірудің сметалық құнын есептеу жұмыстары жүргізілді», - деді Ж. Смағұлов.

Кеңесте аталып өтілгендей, Жезқазғанда «Ютария Ltd» ЖШС тігін өндірісін жаңғырту және кеңейту жобасы жүзеге асырылды. Сондай-ақ «Capital Projects LTD» ЖШС құс фабрикасын жаңғырту жобасы іске асырылуда.

 «Облыстық бюджет қаражаты есебінен 2013 жылы жүзеге асыру көзделген жобалардың жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Атап айтқанда, бұл жылу, қалаішілік су құбырлары желілері, шаруашылық-ауыз су және кәріздік құрылғылар, Кеңгір с. су жүйесін қалпына келтіру, Жезқазған қаласында емхана құрылысы мен ағын су кәрізі және коллекторлық-дренаждық жүйе құрылысы жобалары», - делінген хабарламада.

Кеңес қорытындысы бойынша Әбілғазы Құсайынов бірқатар тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар