«Жезқазған-Бейнеу» теміржол тармағы елімізді төтесінен қосатын ең маңызды торап болмақ - Қ.Көшербаев

Жиында облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы баяндама жасап, маңызды мәселелерге тоқталды.
«Сыр өңірі, еліміздің басқа өңірлері секілді мемлекеттілігіміздің қалыптасу тарихының талай іздері сақталған аймақ. Қазіргі уақытта өзектілігі айрықша мәнге ие болып отырған идеологиялық мәселелерге қатысты ауқымды жиынның осындай тарихы мен мұрасы бай өңірде өткізілуінде үлкен мән бар деп есептеймін», - деді облыс басшысы.
Ол мұнан әрі Елбасымыздың 2012 жылы берген тікелей тапсырмасына сәйкес «Жезқазған-Бейнеу» теміржол тармағының пайдалануға берілгені жайлы сөз етті. Бұл жолдың экономикалық әсерін былай қойғанда, оның зор мемлекеттік саяси, стратегиялық мәні бар. Себебі, ол маңызы мен мағынасы жағынан кезінде 1938 жылдан бастап 1984 жылға дейін бүкіл Кеңес Одағы болып бірігіп салған Байкал-Амур магистралі (БАМ) тәрізді ұлы жоба болмақ.
«Бұл елімізді төтесінен қосатын ең маңызды торап болмақ. Сондықтан, біз, қызылордалықтар, осы тораптың бойында орналасқанымызға қуаныштымыз және осындай игі бастаманы ұсынған Елбасымызға үлкен алғысымызды білдіреміз»,- деп бір тоқталды Қ. Көшербаев.