«Жезқазған» медициналық орталығы: өңірдің кардиологиялық көшбасшысы және Ұлытау денсаулығының тірегі

ҰЛЫТАУ. KAZINFORM – Жезқазғанда еліміздегі ең ірі жеке медициналық орталықтардың бірі жұмыс істеп тұр. Ол өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің негізгі тірегіне айналды. Мұнда алғаш рет облыс тарихында ашық жүрекке операция жасалды. Бүгінде орталықта «Қазақмыс» корпорациясының қызметкерлерімен қатар Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен жақын аудандардың мыңдаған тұрғыны ем қабылдайды. 

«Жезқазған» медициналық орталығы: өңірдің кардиологиялық көшбасшысы және Ұлытау денсаулығының тірегі
Фото: Қазақмыс

«Өркендеу Ассистанс» ЖШС-на қарасты «Жезқазған» медициналық орталығы 1997 жылы пайдалануға беріліп, 2002 жылдан бастап толыққанды жұмыс істей бастады. Қазір бұл – Ұлытау облысындағы ең ірі жеке медициналық мекеме. Мұнда 1190-нан астам қызметкер еңбек етеді, оның ішінде 180-ге жуық дәрігер және 600-ден астам орта буын мамандары бар.

2003 жылдан бері аталмыш мекеме базасында облыстық кардиологиялық орталық жұмыс істей бастады. Ол денсаулық сақтау басқармасымен әріптестік аясында құрылған. Мұнда жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыққан науқастарға тәулік бойы көмек көрсетіліп, коронарография және эндоваскулярлық оталар жасалады.

— Біз үшін бірінші орында қан айналым жүйесінің аурулары тұр. Сондықтан дәл осы орталық базасында кардиологиялық орталық ашу туралы меморандумға қол қойдық. Бүгінде мұнда коронарография мен басқа да жоғары технологиялық оталар жасалады, — деді «Жезқазған медициналық орталығының» директоры Дәурен Аманқұлов.

«Жезқазған» медициналық орталығы: өңірдің кардиологиялық көшбасшысы және Ұлытау денсаулығының тірегі
Фото: Қазақмыс

Оның айтуынша, биыл тамыз айында өңір тарихында алғаш рет жүрекке ашық ота жасалды.

— 6 тамызда алғашқы екі операция жасадық, ал 22 тамызда тағы екеуін өткіздік. Бұл бүкіл облыс үшін тарихи оқиға болды, — деп атап өтті ол.

Медорталықтың жобалық қуаттылығы — 300 төсек орны. Соның 116-сы мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландырылады (ӘМСҚ және мемлекеттік дотациялар есебінен). Мұнда тәулік бойы жұмыс істейтін 14 стационар, 2 күндізгі стационар және үш емхана бар. Күн сайын 1000-ға жуық адам қабылданады.

Бүгінде орталыққа Жезқазған мен Сәтбаевтың 34 мыңға жуық тұрғыны тіркелген.

— Пайыздық үлеспен алғанда, тіркелгендердің 55%-ы — қала тұрғындары, ал 45%-ы — корпорация қызметкерлері мен зейнеткерлер. Дегенмен стационардағы науқастардың 70%-дан астамы облыс тұрғындары болса, 30%-ға жуығы ғана компания қызметкерлері, — деп нақтылады Дәурен Аманқұлов.

Орталықтың құрамында триаж-жүйесі бар қабылдау бөлімі, жеті операциялық, жансақтау бөлімі, функционалды диагностика (КТ, жоғары классты УДЗ, 3D-томограф), физиотерапия, зертхана, дәріхана және жедел жәрдем қызметі бар.

«Жезқазған» медициналық орталығы: өңірдің кардиологиялық көшбасшысы және Ұлытау денсаулығының тірегі
Фото: Қазақмыс

Оңалту шараларына ерекше көңіл бөлінеді. Орталықта балаларға арналған оңалту бөлімі және өңірге тән бірегей кардиологиялық қалпына келтіру бағдарламасы жұмыс істейді.

— Біз доктор Бубновский орталығымен әріптестік орнаттық. Стационарымыздың базасында кинезитерапия бөлімі жұмыс істейді. Мұнда науқастар заманауи әдістемелер бойынша оңалтудан өтеді. Бұл олардың денсаулығын қалпына келтіруге айтарлықтай көмектеседі, — деді орталық басшысы.

«Жезқазған» медорталығының жалпы аумағы — 26 мың шаршы метр. Оның құрамына өндірістік медицинаға арналған 40 денсаулық пункті, 33 бөлмеден тұратын қонақүй, дәрігерлерге арналған 36 пәтерлік тұрғын үй және өз қазандығы кіреді.

«Жезқазған» медициналық орталығы: өңірдің кардиологиялық көшбасшысы және Ұлытау денсаулығының тірегі
Фото: Қазақмыс

2024 жылғы қазанда орталық Ұлттық аккредитацияның жоғары санатына ие болды. Бұл осындай мәртебеге ие болған өңірдегі жалғыз медициналық мекеме саналады.

Ауқымды ресурстар мен 95%-дық жасақталуына қарамастан, кадр тапшылығы бар. Әсіресе жалпы тәжірибе дәрігерлері жетіспейді.

— Біздің дәрігерлердің орташа айлығы шамамен 500 мың теңге. Біз жас мамандарды тарту үшін де, кәсіби кадрларды өңірде ұстап қалу үшін де бар жағдайды жасауға тырысамыз, — деді Дәурен Аманқұлов.

Қазіргі таңда медициналық орталық Қазақстандағы ең ірі 10 жеке медициналық мекеменің қатарына енеді және Ұлытау облысының денсаулық сақтау жүйесінің жетекші буыны. Жергілікті тұрғындар осында заманауи технологиялар мен жоғары білікті көмекке қол жеткізе алады. Бұл өзге қалаларға бару қажеттілігін айтарлықтай азайтты.

— Біздің мақсатымыз — өңір тұрғындары сапалы медициналық көмекті дәл осы жерде, Жезқазғанда алуына жағдай жасау. Қазірдің өзінде жасалған қадамдарымыз біз дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетіп отыр, — деп түйіндеді орталық директоры.

Еске сала кетейік, тамыз айында Ұлытау облысында алғаш рет жүрекке ашық операция жасалды

Соңғы жаңалықтар