Жезқазған – мыс индустриясының жүрегі: заманауи өндіріс жоғары технологияны талап етеді

ҰЛЫТАУ. KAZINFORM – Жезқазғанды ел ішінде «Қазақстанның мыс астанасы» деп атауы бекер емес. Бұл өңірде «Қазақмыс» компаниясының ірі өндірістік активтері шоғырланған, ал мұндағы кен орындары бүкіл еліміздің мыс өнеркәсібінің дамуына серпін беріп отыр. 

Жезқазған – мыс индустриясының жүрегі: заманауи өндіріс жоғары технологияны талап етеді
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Қазақстан – әлемдегі ірі мыс өндіруші мемлекеттердің қатарында. Жылына шамамен 740 мың тонна өнім шығара отырып, еліміз өндіріс көлемі бойынша 11-орынға тұрақтаған. Қазақстандық мыстың негізгі тұтынушысы – Қытай. «Жасыл экономикаға» көшу мен электроника өндірісінің қарқынды өсуі аясында ол әлі де әлемдік тұтынудың басты драйвері саналады.

«Қазақмыс» корпорациясы
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Мыс өндірісінің тарихы мен келешегі

Жезқазған мыс өндірісінің бастауында 1965 жылы ашылған Оңтүстік Жезқазған кеніші тұр. Бастапқыда оның жобалық қуаты жылына 2,8 миллион тоннаны құраған. 1975 жылы №65 шахтаның іске қосылуымен өндіріс көлемі 5,5 миллион тоннаға дейін артты. Бүгінде мұнда мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. Кен өндіру №65 және №45 шахталарында 270 метр тереңдікке дейін жүргізілуде.

– Бай рудалы горизонттар айтарлықтай сарқылғандықтан, қазір біз Жыланды тобындағы жаңа кен орындарын игеріп жатырмыз. Бұл тұрақты өндіріс көлемін сақтап, қала тұрғындарын жұмыспен қамтуға жол ашады, - дейді Оңтүстік Жезқазған кеніші инженері.

Жезқазғаннан 30 шақырым қашықта орналасқан Жыланды тобына бес әлеуетті нысан кіреді: Итауыз, Шығыс және Батыс Сары-Оба, Қарашошақ пен Қыпшақпай.

Қазіргі мыс өндірісі жоғары технологиялық үдерістерді қажет етеді. Жер бетіне жақын кен орындары ашық әдіспен игеріледі: алып қазаншұңқырларда экскаваторлар топырақ қабатын аршып, самосвалдар кенді қайта өңдеуге жеткізеді. Ал жерасты шахталары нағыз «қалалар» іспеттес: жүздеген метр тереңдікке созылған тоннельдер бетонды анкерлер мен металл тіреулер арқылы бекітіледі. Жерасты магистральдары арқылы самосвалдар кен мен жұмысшыларды тасымалдайды.

«Қазақмыс» корпорациясы
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Мыс өндіру жолы: кеннен катодқа дейін

Өндірілген кен алдымен Жезқазған байыту фабрикасына жеткізіледі. Мұнда күн сайын жүздеген вагон келіп, олардың әрқайсысы арнайы вагон-аударғыштармен төңкеріліп, кен конвейерге түседі.

Содан кейін ол ұнтақталып, флотациялық әдіспен өңделеді. Үлкен флотациялық машиналарда реагенттер қосылып, ауа жіберіледі. Соның нәтижесінде көбік қабатында мыс концентраты жиналады, ал құрамындағы мыс мөлшері бастапқы 0,6%-дан 20–35%-ға дейін артады.

Келесі кезеңде концентрат Жезқазған мыс қорыту зауытына жөнелтіледі. Бұл – заманауи кешен, оның құрамында мыс қорыту, электролиз және күкірт қышқылы өндірісі бар. Мұнда концентрат алдымен шихталаудан, кейін кен-термиялық пештерде балқытудан өтіп, құрамында 99,4%-ға дейін мыс болатын қара мысқа айналады. Кейін ол электролиз әдісі арқылы тазаланып, 99,99%-дық катодты мысқа айналады. Әрқайсысы шамамен 100 килограмм тартатын катодты пластиналар буып-түйіліп, әлемнің түкпір-түкпіріне жөнелтіледі.

Өндірістің қарбалас тынысы

Жезқазғандағы шахталар мен фабрикалар таң ата жанданады. Шахтерлер жер астына түсіп, онда оларды жүздеген тонна кен, конвейерлер мен қуатты CAT AD-45B самосвалдары күтіп тұрады.

Жер бетінде электровоздар кенді фабрикаға жеткізіп, операторлар вагон-аударғыштардың және конвейерлердің жұмысын бақылайды.

Ал мыс қорыту зауытының электролиз цехында мыс қатаң бақылаумен катодтарға айналады.

– Әр кезеңде жоғары дәлдік талап етіледі: химиялық құрамды талдаудан бастап, шихталау және балқыту температурасының бақылауына дейін. Тіпті пайыздың жүзден бір бөлігі сапаға әсер етуі мүмкін, - дейді зауыттың бас инженері Елмұрат Әбуов.

«Қазақмыс» корпорациясы
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Мыстың әлеуметтік және экономикалық маңызы

Жезқазған үшін мыс – жай ғана металл емес. Ол – өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымы, тұрақты жұмыспен қамту мен экономикалық іргетасы. Ұлытау облысындағы шахталарда, фабрика мен зауытта 20 мыңнан астам адам еңбек етеді. Шахталардағы орташа жалақы 900 мың теңгеден асады№ Өз кезегінде мұндай еңбекақы осы саланы білікті мамандар үшін тартымды етіп отыр.

Бүгінде Жезқазған өзінің Қазақстандағы мыс индустриясындағы көшбасшылық мәртебесін тағы бір дәлелдеп отыр: мұнда негізгі өндірістік активтер шоғырланған, өндіріс үдерістері жаңғыртылуда және жаңа жобалар іске қосылуда. Кеннен катодқа дейінгі мыстың жолы Жезқазғанда стратегиялық ресурстың экономикаға тірек болып, мыңдаған жұмыс орнын ашып, тұтас өңірдің болашағын айқындай алатынын көрсетеді.

Жезқазған мысы – жай ғана металл емес. Бұл – индустриялық дамудың, технологиялық жаңашылдықтың және экономикалық тұрақтылықтың символы. Қазақстанның қазіргі өнеркәсібі мен цифрлық экономикасын онсыз елестету мүмкін емес.

Бұған дейін «Жомарт» кенішінде апаттан кейін жаңа деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін инновациялық шешімдер енгізілгені хабарланған болатын. 

Соңғы жаңалықтар