Жезқазған жылу желілерін жаңғыртуға 2,8 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет Жезқазған қаласының жылу желілерін реконструкциялау мен жаңғыртуға 2,8 млрд теңгеден астам қаржы қарастырды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Семей
Фото: Дәурен Жұмағалиев

Үкімет Ұлытау облысы Жезқазған қаласының жылу желілерін реконструкциялау және жаңғырту жобасының үшінші іске қосу кешенінің екінші кезегін жүзеге асыру үшін резервтен 2,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

Жезқазған қаласы жылу желілерінің ұзындығы 398 шақырымды құрайды. Нысан 1951 жылы пайдалануға берілген, тозуы — 56,6%. Жылу желілері цехында 1969 жылы іске қосылған 8 сорғы стансасы бар. 

Жезқазған қаласының жылу желілері жаңғыртылады
Фото: Үкімет

— Жылыту маусымында жылу желілерінің тозуы жылумен қамтуға кері әсерін тигізіп жатыр. Ресурстардың айтарлықтай шығыны орта есеппен 35-40%-ға жетеді, бұл қолданыстағы және салынып жатқан нысандарды жылу желілеріне қосуға мүмкіндік бермейді, — делінген хабарламада.

Қаланың кеңеюін және салынып жатқан жаңа Батыс ауданын жылумен қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, бастапқы жоба түзетілді: құбырлардың диаметрі 800 мм-ден 1000 мм-ге дейін, ал реконструкциялауға жататын желілердің ұзындығы 11,4 шақырымнан 12,3 шақырымға дейін ұлғайтылды. Үкімет резервінен бөлінген 2,8 млрд теңге жобаны аяқтауға және 98 мыңнан астам тұрғыны бар қаланың жылу желілерін сапалы дайындауға мүмкіндік береді. 

Бұған дейін Жезқазғанда әлемдік деңгейдегі инженерлік университет ашылатыны айтылды.

Соңғы жаңалықтар