Жезқазғанда 400 орындық Оқушылар сарайы салынады
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Бүгін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласының халқымен кездесті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жыл басынан бері білім беру саласында дарынды балаларға арналған «Ұлытау дарыны» және аутизмге шалдыққан балаларға қолдау көрсету орталықтары ашылды. Сондай-ақ, Жезқазғанда Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатта 200 орындық жатақхана салынды.
28 білім беру нысаны (23 мектеп, 4 балабақша, білім бөлімінің 1 ғимараты) жөнделді, оның ішінде Жезқазғанда 1 нысан (№ 3 мектеп), бұдан бөлек, 2 мектепке арналған спорт алаңдары салынды (№ 8, 22 мектептер). Оқушыларға ыңғайлы болу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 10 шағын автобус сатып алынды, оның 2-еуі Жезқазған қаласы үшін.
— Жезқазғанда 300 орындық 1 жайлы мектептің құрылысы аяқталуда. Жыл соңына дейін облыс бойынша 3 балабақша ашылады, оның ішінде Жезқазғанда тұрғындарымыз көптен күткен 320 орындық 1 балабақшаның құрылысы аяқталады. Келер жылы облыста 2,7 млрд теңгеге 160 оқушыға арналған 2 мектептің (Қаражал, Жаңаарқа) және облыс орталығында 400 орындық Оқушылар сарайының құрылысы басталады, — деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, биылғы жылы қазан айында Ұлытау облысының «Үздік педагогі» конкурсы өткізілді.
— Аталған конкурсқа 13-тен астам үміткер қатысты, 6 ұстаз «Үздік педагогі» атағына ие болды. Оның ішінде Жезқазған қаласының ұстаздарын атап өткім келеді: Джандильдинов Медет Құрманғазыұлы — Абай атындағы мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі, Назарымбетова Гүлбағила Төлеуқызы — № 1 мектептің информатика пәні мұғалімі, Качур Ольга Григорьевна — № 22 мектептің биология пәні мұғалімі. Ұстаздарымызды шын жүректен құттықтаймын! , — деді Дастан Рыспеков.
Бұған дейін қайтарылған активтер есебінен 1,2 млрд теңгеге Ұлытау облысында жаңа мектеп салынатыны хабарланды.