Жезқазғанда әділет басқармасының бастығы дөрекілігі үшін жазаға тартылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қоластындағы қызметкерлерді орынсыз жәбірлеп, дөрекілік танытқан Жезқазған қаласындағы әділет басқармасының басшысы Жангелді Байділдин тәртіптік жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағанды облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің  этика жөніндегі кеңесі отырысында хабарланғандай, бірнеше ай бұрын әділет басқармасы басшысы қызметіне тағайындалған Жангелді Байділдин қоластындағылармен ортақ тіл табыса алмаған.

Қызметкерлер басшысының үстінен шағым түсірген. Осыған орай департамент қызметкерлері тексеру жүргізіп, оның нәтижесі этика жөніндегі кеңестің отырысында талқыланды.

Этика жөніндегі кеңес отырысына шақырылған Ж. Байділдиннің айтуынша, ол ұжымда жұмыстың жаңа үлгісін орнатып, орынбасарлары мен бөлім басшыларын қайтадан тағайындаған.  «Мен қарамағымдағы қызметкерлерден тәртіп пен сапалы жұмысты талап еттім. Оларға менің талапшылдығым ұнамайды. Ұжымдағы қызметкерлердің көбі зейнет жасына таяп қалған және зейнет жасындағылар. Ол маған «Бізге ештеңе істей алмайсыз!» деп ашық айтады», - дейді  әділет басқармасының басшысы. 

Алайда, қызметтік тексеру  барысында әділет басқармасының басшысы қоластындағылармен дөрекі сөйлескендігі анықталды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  департаментінің этика жөніндегі кеңесінің  төрағасы Жандос Сәрсенов мемлекеттік мекеме басшысы тарапынан дөрекі сөздер айтылмауы керектігін ескертті.Кеңес қорытындысында  этика жөніндегі кеңес мүшелері әділет басқармасы басшысы Байділдинді толық емес қызметтік сәйкестіктегі қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім шығарды. 

Соңғы жаңалықтар