Жезқазғанда «Дидар» телеарнасы 37 млн теңгеге жекешелендірілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында «Дидар» жезқазғандық телеарнасы 37 млн теңгеге жекешелендірілді, БАҚ үшін тендердің 7 қатысушысы саудаласты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

«Коммуналдық меншіктегі аталмыш нысан («Жезқазған қалалық «Дидар» телерадиохабар тарату дирекциясы») 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына енгізіліп, үкіметтің қаулысымен бекітілген. Бәсекелесушілердің болмауынан сауда-саттық орын алмай, екеуінде де жалғыз қатысушы болды. 30 желтоқсан күні үшінші электронды сауда-саттық жүргізіліп, бастапқы баға 12 753 283 теңгені құрады. Барлығы 7 қатысушы, соның ішінде 5 жеке және екі заңды тұлға болды», - деп айтты «Жезқазған қалалық экономика және қаржы бөлімі» ММ басшысы Виктория Ставицкая.

Оның айтуынша, ең көп қаржы ұсынған қатысушы жеңімпаз атанған. Сауда-саттық барысында сома 12,7 млн теңгеден үш есеге дейін артып, яғни 37 млн теңгеге жеткен. Жезқазған қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер жеңімпаз деп танылды.

«Сауда-саттық келісімі рәсімделді. Қазіргі таңда 7,7 млн теңге көлемінде кепілдік жарна төленді. Қалған сома әзірге түспеді. Келісім бойынша сатып алушының толық соманы төлеу үшін 30 күн уақыты бар», - деп түсіндірді Ставицкая.

«ТВ-21» ЖШС да қатысқан еді. Ұтылып қалған қатысушы электрондық сауда-саттықтың нәтижесімен келіспей, бәсекелестің жеңісін сот арқылы дауламақшы.

Бұрын хабарланғандай, Қарағанды облысында жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша Жезқазған қалалық «Дидар» телерадиохабар тарату дирекциясы 51 млн теңгеге бағаланып, сатылымға қойылды. Алғашқы сатылым 2016 жылдың 8 қараша күні өтті.

ҚР Үкіметінің 30.12.2015ж. №1141 қаулысына сәйкес, Қарағанды облысында 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша барлығы 43 ұйым ұсынылған. Кестеге сәйкес, 2016 жылы 15 ұйым жүзеге асырылды.

Соңғы жаңалықтар