Жезқазғанда Геологиялық кластер ашылды
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Жезқазған қаласында геология саласын дамыту және ел экономикасының негізгі секторлары үшін білікті кадрлар даярлау мақсатында Геологиялық кластердің ресми ашылуы өтті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, ҚР Парламенті депутаттары, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өкілдері, сондай-ақ саланың жетекші мамандары, университеттердің профессорлық-оқытушылық құрамы және халықаралық серіктестер қатысты.

Геологиялық кластер негізінде жаңа Ұлытау университетін құру жоспарланып отыр. Университет геология, минералдық инженерия және байланысты салалар бойынша мамандарды даярлауға бағытталады.

Жобада сонымен қатар АҚШ-тағы тау-кен ісі мен инженерлік ғылымдар саласындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі Colorado School of Mines университеті қатысады.

Бұл ең озық халықаралық білім беру тәжірибесін интеграциялауға, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Бектенов Геологиялық кластер құрамында заманауи зертхана құрылысын 2026 жылы бастауды тапсырды.
Елімізде геологиялық барлауға тартылатын инвестиция көлемі жеткіліксіз. Мұндай пікірді Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин білдірді.