Жезқазғанда оқушылар папайя өсіріп жатыр

None
None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Жезқазғанның балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері ағаштардың дербес өсуіне арналған капсула мен папайя өсіру жобасын әзірледі.

Балалар өздерінің жұмыстарын таныстырып, жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Жезқазған қаласы білім бөлімінің Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының «Экология және техникалық шығармашылық» бөлімінде тәрбиеленушілер «Менің жобаларым – Менің елім» тақырыбында шығармашылық өнер көрсетті.

«Жасыл технологиялар» үйірмесінің жас экологтары «Табиғат рекордшылары» жобасын ұсынды. Олар әлемдегі ең өнімді жемістердің бірі – папайяның тұқымын отырғызды және өз тәжірибелері туралы айтты.

«Біздің тәрбиеленушілеріміз Қазақстанда баламасы жоқ папайя өсіру жобасын әзірледі. Олар тез өсетін және жоғары өнімді сұрыпты өсіруді жоспарлап отыр. Біз жобаның тиімділігін есептедік және ол жақсы нәтиже береді деп ойлаймыз», – деді балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының Экология және техникалық шығармашылық бөлімінің меңгерушісі Андрей Матвеев.

«Жас эколог» үйірмесінің тәрбиеленушілері «Ғажайып тал» жобасын таныстырды. Олар екі жыл аралығында тез бой көтеретін киізді павловния ағашын өсіреді.

«Жоба аясында тәлімбақ ұйымдастырылып, 100-ден астам павловния өсіріліп, отырғызылды. Бұл ағаштар өсіп, біздің қаламызды, мектептер, саяжайлар мен жеке үйлердің аумақтарын, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерді дамыту орталығын безендіреді. Бұл тал әдеттегіден 10 есе көп оттегі шығарады, сонымен қатар өзінің сұлулығымен және гүлденуімен қуантады», – деді Андрей Матвеев.

«Экоплюс» үйірмесінің тәрбиеленушілері 3D LAB жобасын және Green Capsule әзірлемесін ұсынды. 3D LAB жобасын іске асыра отырып, балалар әртүрлі жұмыстар мен тапсырмаларды орындайтын роботты манипулятор қолын және 3D принтерде басылған көп функциялы ұшақ жасады.

Green Capsule – ағаштардың автономды өсуіне арналған капсула – республикалық стартаптар байқауында екінші орын алды.

«Стартаптар байқауында біз Green Capsule жобасын іске асыру үшін 150 мың теңге ұтып алдық. Қарапайым сөзбен айтқанда, біз өсімдіктерді өздігінен суаруға мүмкіндік беретін сыйымдылығы 35–40 литр болатын резервуар әзірледік. Болашақта біз бұл резервуарларды су өткізбейтін етіп жасауды жоспарлап отырмыз. Біз капсулаларымызды балалар мен жасөспірімдерді дамыту орталығының базасында орналасқан тәлімбақта сынап көрдік. Сондай-ақ жақын арада осы жобаға патент алғымыз келеді», – деді жобаны әзірлеуші Арман Шайхиев.


Соңғы жаңалықтар