Жезқазғанда театр ғимараты өртенді
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлытау облысы ТЖД 112 қызмет пультіне Жезқазған қаласы Сәтпаев көшесі бойындағы театр ғимаратының жертөлесінде өрт болғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Ведомство мәліметінше, алғашқы өрт сөндіру жасақтары келгеннен кейін жертөледен қалың түтін шығып жатқаны анықталды.
— Тез арада газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары өртті барлауға және сөндіруге кірісті. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін ғимараттан 12 адам өздігінен көшеге шықты. Өрт сөндірушілердің үйлесімді, кәсіби және жедел әрекеттерінің арқасында сахналық материалдың жануы қысқа мерзімде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталып жатыр, — деді Жезқазған қаласының ТЖБ бастығы Дидар Құйқабаев.
Осыған дейін 11 қаңтар күні кешкі уақытта Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының Майбалық ауылында жеке тұрғын үйде өрт шыққанын жазғанбыз. Оқиға орнынан өрт сөндірушілер екі адамның мәйітін тапты.