Жезқазғанда жасөспірім жол апатынан қаза тапты

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Жезқазғанда жасөспірімнің қаза болуына әкеп соққан жол-көлік оқиғасының мән-жайы анықталып жатыр. Қайғылы оқиға Шолохов көшесінде болған.

скорая помощь
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Алдын ала мәлімет бойынша, BMW көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Соның салдарынан көлік қозғалыс бағытын өзгертіп, электр желісінің бағанына соғылған.

Апат кезінде алған жарақаты салдарынан кәмелетке толмаған жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Жол-көлік оқиғасына қатысқан тағы екі адам медициналық мекемеге жеткізіліп, қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Олардың қазіргі жағдайы туралы әзірге ақпарат жоқ.

Аталған факті бойынша Жезқазған қаласының полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастады. Құқық қорғау органдары жол апатына әкеп соққан себептер мен жағдайларды қоса алғанда, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Тергеу барысы Полиция басқармасының бақылауында.

Бұған дейін Қонаевта кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні көлік астына түсіп, қаза болғаны хабарланған еді.