Жезқазғандағы апаттық жағдайдағы үйлердің тұрғындары қашан көшіріледі – Берік Әдіғалиұлы жауап берді
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлына Жезқазғандағы апаттық жағдайдағы ескі үйлердің мәселесін қалай шешіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Жезқазғанда 1950 жылдан бері келе жатқан көпқабатты ағаш үйлер бар. Осы апаттық жағдайдағы үйлердің тұрғындарын қауіпсіз баспанаға көшіру мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатыр? Бұл мәселе қашан шешіледі», - деп сұрады журналист.
Облыс басшысының айтуынша, Ұлытау жеке облыс болғаннан бері баспана бағасы қымбаттап шыға келген. Бұл апаттық жағдайдағы үйлердің мәселесін шешуге кедергі келтіріп тұрған көрінеді.
«Өкінішке қарай, бұл біздегі өте үлкен проблемалардың бірі болып кетті. Облыс ажырамай тұрғанда бұл жұмыстар басталған. Реновация аясында оларға басқа пәтер алып беру немесе қаражатын беру ұсынылған. Бірақ Ұлытауға облыс мәртебесін бергеннен кейін бағаны қатты өсіріп жіберді. Келіп жатқан инвесторларға ұсынып жатырмыз. «Міне, жаңадан құрылатын Батыс ауданға әлі жылу, су, жол тартылған жоқ. Өйткені бас жоспар әлі бекітілген жоқ. Одан басқа дайын жер жоқ. Сол апаттық жағдайда үйлерді сатып алып, орнына салыңыздар деген ұсыныс айттық. Астанада, Алматыда да осындай тәжірибе бар. Бірақ инвесторлар пәтер иелерімен келісе алмай жатыр – бағаны көтеріп жіберген. Бір үйде сегіз пәтер бар. Сегізі сегіз түрлі баға сұрайды. Біреуі 15 млн теңге дейді, біреуі 20 млн теңге дейді», - дейді әкім.
Аймақ басшысы апаттық жағдайдағы үйлердің тұрғындары ұсынып отырған шарт әлеуетті инвесторлар үшін тиімсіз екенін айтады.
«Сол себепті біз сырттан келгендерді көндіре алмадық. Бірақ арнайы мекеме құрамыз деп жатырмыз. Апаттық жағдайдағы үйлерді бюджет арқылы да алып, инвесторлармен бірге қайтарымды ақшаға жаңа үйлер салмақшымыз. Құрылыс компаниялары кейін бюджеттен берген ақшаны қайтарады. Кейбір тұрғындар уақытша көше тұруға дайын. Жаңа үй салынғанша пәтер жалдап берсеңіздер деп отыр. Солармен қалай келіседі, біртіндеп-біртіндеп шешеміз. Тұрғындарды да түсінуге болады. Бәрі қымбаттап жатқасын көбірек ақша тапқысы келеді, пендешілік қой. Соған байланысты мердігерлердің басын қосып, келістіре алмай жатқанымызға бір жыл болды. Соған қарамастан бюджеттен тетігін қарастырып отырмыз», - дейді Берік Әбдіғалиұлы.
Сондай-ақ, ол бұл мәселенің нақты қашан шешілетіні белгісіз екенін мойындады.
«Ол үшін сонда арнайы мемлекеттік мекеме құруымыз керек. Соған рұқсат берсе, жыл аяғына дейін механизм белгілі болады. Келесі бір кездескенімізде нақты мерзімін айтармын. Қазір айта алмаймын», - деді Берік Әбдіғалиұлы.