«Жезкиіктің» жезтаңдайы - Б. Көшеновтің шығармашылығына 40 жыл

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сарыарқа төсіндегі Жезқазған өңірінде «Қарагөз», «Жезкиік» ансамбльдерінің әнші-музыканттары өз кезінде көрермен көзайымына айналып, талай жерде өнерімен танымал болғаны аян.
None
None

Өзіміз осы ансамбльдердің өнерін бала кезімізден Қазақ радиосының әуе толқынынан тыңдап, ән кәусарынан сусындайтын едік. Әсіресе сазгер-әнші Жақсыгелді Сейіловтің Сарыарқаның самал желіндей ескен әсем әндері тыңдаушысын жан рахатына бөлейтін. Әйгілі «Досмұқасан» ансамблінен кейін сазды да назды лирикалық әндерімен ерекшеленген өнер ұжымы қазақ даласында, алыс-жақын шетелдерде өзіміздің төл өнерімізді ерекше насихаттай білгені көпке аян.

1974 жылы Жезқазған қаласында филармония ашылғанда дарынды басшы әрі режиссер Серік Елеусізов «Жезкиік» ансамблін құрып, жан-жақтан жастарды шақырып, өнер додасына қосты. Солардың ішінде Республикалық эстрада-цирк студиясын бітірген бір топ жас бар еді. Бұл ансамбльдің құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Балжан Жүсіпбеков, Бағдат Сәмединова, Бақберген Дәркенбаев, Раушан Сабырбаева, Мара және Болат Есмұқановтар және Ахат және Роза Байбосыновтар, Ғалым Мұхамедин де бар-тын. Ал солардың қатарына облыс көлемінде өтетін көркемөнерпаздар байқауында өнерімен танылған Қарқаралыдағы ветеринарлық техникумды бітірген Береке Көшенов те келіп қосылды. Берекенің өнерін мойындаған режиссер Серік Елеусізов оның дарын екенін мойындап, бірден филармонияға қабылдады.

Ұлытау өңірінде өнер жолын бастаған өндірдей қыз-жігіт жалынды жастықтың үлгісін көрсетіп, бір жылдың сегіз-тоғыз айында ән сапарымен жер жерді аралап, өнер шоғын қыздыратын.

Жаңаарқа өңірінің әншілеріне өнегелі өнерімен, өмірсүйгіштік қасиетімен үлгі-өнеге, аяулы ұстаз бола білген Жақсыгелді Сейіловтың есімі өмір озған сайын шоқтығы биіктеп, тау тұлғаға айналды. Көп жастарға ағалық қамқорлығын аямаған осы бір жан жайлы, оның шығармашылық еңбегі хақында Береке сөз бастайды:

- Негізінде«Жезкиік» ансамблі жерлес сазгер әрі тамаша әнші Жақсыгелді Сейіловтің «Жезкиік» әнінің атымен аталды. Бәріміздің ұйытқымыз болған Жақсыгелді ағамыз өте дарынды жан еді. Музыканың әр нотасын жіті қадағалай білетін. Бала кезінен суқараңғы әнші ағамыз болып жатқан тіршілікті жүрек көзімен көре білетін. Аса сезімтал жан еді. Біздің жерде Жақсыгелдінің әндерін эстрада жанрында көп орындаған мен шығармын. Ол кісінің отыз-отыз бестей әні болса, соның жиырма шақтысын мен насихаттадым. Бірақ бәрін бірдей үнтаспаға түсіру қаржыны қажет етеді, сол себепті біздің орындаған әндеріміз тыңдаушымыздың жүрегінен орын алған шығармалар. Өз басым Жақсыгелдінің, Әсет, Нұрғиса және Ескендір әндерін сүйіп орындаймын...

Иә, сол кездегі өнер жанашыры, белгілі режиссер Серік Елеусізовтің «Гүлдер» ансамблінде еңбек етіп жүрген кезінде де концерттік бағдарламаға аса көңіл бөлетіні, әсіресе шетелге арналған бағдарламаларда ұлттық салт-дәстүріміз бен тарихымызды көрсететін ерекше бағдарлама әзірлегені жайлы өнер иелерінен көп естиміз. Осы дәстүрді «Жезкиік» және «Ұлытау» ансамбльдерінің бағдарламасына қосқаны жайлы жерлестері жақсы біледі.

Ол жайлы тағы да Береке Көшенұлы ойын әрі қарай жалғастырды:

- Иә, Серік Елеусізұлы ұлттық дәстүрмен қоса халық әндері мен термелерін, әсерлі күйлер мен классик ақындардың жырларын шебер орындауға аса көңіл бөлетін. Мен сол кезде «Қайыптың термесін» орындаушы едім. Бұл термені Қазақ радиосынан тұңғыш рет журналист Қымбат Әбділданың хабарына қатысқанымда эстраданың сүйемелдеуімен орындап бергенмін. Терме-толғауларды осылайша орындау сол кезде басталды ма деп ойлаймын. Терме-толғауларды жастар көбірек тыңдау керек. Өйткені бұның айтатын өсиеті, ақыл-нақылы, тәрбиелік мәні бар. Бұл философиялық ой-толғамы басым, ерекше жанр дегім келеді. Кешегі абыздарымыздың өсиетін термелеп орындау - бұл бір үлкен мектеп, сара жол деп ойлаймын. Бұл тыңдаушы үшін ғибрат аларлықтай бағалы жанр дегім келеді...

Әнші, ақын әрі сазгер Береке Көшенов мектепте жүрген кезінде бірер ауыз өлең шығаратын. Негізгі мамандығы әншілік болған соң сол салада өмір бойы еңбектеніп келді. Кейін жинақталып қалған жырларын Ғазиз Ештанаев пен Ибрагим Бекмаханов деген жерлес ақындарға оқытып, олар жақсы бағалап, газетке жариялағаны бар. Сөйтіп, қырықтың қырқасына шыққан соң ақындыққа ден қойды. Әрине, Әсеттей ұлының жол апатынан мезгілсіз көз жұмғаны әке көңілін шайқап кетті. Зармен қоса өкінішке толы өксік жаны нәзік жанның жүрегінен жыр боп ақ қағаз бетіне төгілді. Баланың қайғысынан кейін күңіреніп отырып ән жазды, жыр жазды. Біртіндеп жазу-сызуға икемделе бастады. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, сол шумақ өлеңдер жиналып келіп, «Көңілімнен ұшады кептер өлең» атты жыр жинағына айналды. Одан соң 40 баспа табақтан тұратын «Жырлайды жүрек» жинағы жарық көрді. Атасы Ертісбайдың қаламына жармасып, ақындық жолға түсіп, жинақ та шығарып үлгерді.

Береке Көшенов Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданына қарасты «Карл Маркс» кеңшары, қазіргі Шәбден Ералиев атындағы ауылдың түлегі.

Атасы Ертісбай айтыс ақыны, әнші болған деседі. Сол елде өмір сүрген атышулы Сапалай салмен бірге жүріп, ел арасына өнерімен танылған екен. Берекенің әкесі Көшмағамбет пен анасы Талжан қарапайым ауыл адамдары еді. Ол әкесі ерте көз жұмғаннан соң бар тауқыметті жалғыз өзі көтеріп, соңынан ерген үш ұл мен үш қызды жеткізді. Бәріне әкесіндей қамқор бола білді.

Әнші Береке Көшенов алыс-жақын шетелде өнер көрсетті. «Ұлытау» ансамблімен Батыс Германия, Исландия елдерінде болды. Литвада өткен Бүкілодақтық ән байқауына қатысты. Мәскеуде «Бейбітшілік үйінде» концерт қойды. Одан бөлек Орта Азияда, Ресей жерлерінде талай рет гастрольдық сапармен өнер көрсетті. Ол «Жезкиік» тобына жетекшілік ете отырып, соңғы жылдары Арқалық, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Павлодар, Екібастұз қалаларында, Қалқаман елді мекенінде ән сапарында болды.

2013 жылы Таразда, Ақмола облысының орталығы - Көкшетау қаласында, ал 2014 жылы Семей, Қызылжар қалаларында өнер көрсетті. Сонымен қоса Қарағанды және Сәтбаев қалаларында «Япырау, кеше ғана емес пе еді» атты жеке шығармашылық кешін өткізді.

Ансамбльдің құрамында «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Зәуреш Омарова, «Жыл әншісі» номинациясы бойынша облыс әкімінің сыйлығының лауреаты әрі «Алтын қобыз» иегері Ләйла Бекбалақова, эстрада әншісі, облыстық ән байқауының лауреаты Асхат Сағындықов, әр ұлттың билерін шебер орындайтын биші қыз Әйгерім Тоғызбай да бар. Концерт бағдарламасында жергілікті сазгерлер Жақсыгелді Сейілов пен Береке Көшеновтің әндері орындалады.

Облыстық Мәдениет департаментінің басшысы Ержан Әбдірахмановтың қолдауымен биылғы жылы «Жезкиік» ансамбіне 40 жыл толуына орай мерейтой аталып өткелі отыр. Аталмыш филармонияда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Береке Көшеновтің жетекшілігімен «Жезкиік», Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамединнің жетекшілігімен «Ән -көңілдің ажары», Қайрат Әбуовтың жетекшілігімен «Арқа әуені» топтары және Байғара Садуақасовтың жетекшілігімен «Жәдігер» фольклорлық ансамблі жемісті еңбек етуде.

Филармонияны он бес жылдан астам уақыт «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері Рахмет Кәкімбекұлы Сексенбаев басқарады.

Әнші-сазгер Береке Көшеновтың жуырда «Япырау кеше ғана емес пе еді» атты он жеті әннен тұратын альбомы жарық көрді. Ол ән-альбомда Жақсыгелді Сейіловтің «Жезкиік», «Ұлытау», «Кездесу», «Көріспей-ақ қоялық», «Ана туралы ән», өз әндері «Махаббатқа мың өртеніп», «Жылдың басы Наурыз», «Туған жер», «Толағай», «Тұнығым», «Алқасындай арқаның» сынды Береке Көшеновтің өз орындауындағы әндер бар. Ендігі жерде ол Жақсыгелді Сейіловтің он бес әнін жеке дискі етіп шығаруды жоспарлап отыр.

Берекенің жұбайы-Ұмсынай-ұстаз. Үлкені қызы Әсел- бухгалтер-экономист. Ақнұр- мұғалім. Ұлы Медеттің мамандығы-инженер. Әзірше ата жолын қуған перзент шыға қойған жоқ, ендігі үміт соңынан ерген немерелерде.

Анықтама: Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші-сазгер Береке Көшенов 1975 жылдан бері - Тайжан Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әртіс-вокалисі. Ол Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің (1977), Қарағанды облысы әкімінің «Жыл вокалисі» номинациясы бойынша сыйлығының лауреаты; ВЦСПС-тің «Көркемөнердегі жетістігі үшін» медалімен марапатталған (1988). «Алтын қобыз» иегері (2007). «Жезқазған қаласының Құрметті азаматы» (2004). Жыл қорытындысы бойынша облыстық мәдениет департаментінің «Өнер тарланы» (2005), «Ең үздік әнші» (2006) номинацияларының жеңімпазы. ҚР Еңбек сіңірген әртісі (1998). «Ерен еңбегі үшін» (2009) медалімен марапатталған.

Авторы: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева

Соңғы жаңалықтар