ЖИ арқылы әскерге іріктеу, әскери тіркеуді автоматтандыру – Қорғаныс саласы қалай цифрланып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде Қорғаныс саласына да жасанды интеллект біртіндеп енгізілуде. Мәселен әскери борышын өтеушілерді іріктеу ЖИ-ге жүктеліп жатыр. Сондай-ақ алғашқы әскери тіркеуге қою секілді бұрын мамандар жеке-жеке қолмен толтыратын жұмыстар цифрлық технологияның көмегімен автоматтандырыла бастаған. Бұндай жобалардың арқасында мемлекет қыруар қаржы үнемдеп отырғаны да белгілі болды. Әскери саладағы осы және өзге де цифрлық бастамалар жайлы Jibek joly арнасындағы арнайы репортажда айтылды.

— Осы жылдың аяғына дейін Қорғаныс министрлігінде жасанды интеллект бөлімшесін құрғалы жатырмыз. Негізі біздің министрлік жасанды интеллектіні қорғаныс саласына енгізіп жатқанына бірнеше жыл болды. Сондай жобалардың саны ұлғайған сайын арнайы бір бөлім құру қажеттілігі туындады. Сондықтан қазір кадрларды іріктеуден өткізіп, таңдап, даярлау үстіндеміз. 5-6 жақсы маман аламыз деген ойымыз бар. Олар жасанды интеллект жобаларын жүргізетін болады, - дейді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.
Сондай-ақ ол әскери борышын өтеуден босатылған азаматтарды хабарландыру автоматтандырылғанын атап өтті.
– Қазір біз өзіміздің ақпараттық жүйемізді құрып, оны басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялап, кімнің әскерден босатылу мүмкіндігі бар екенін анықтап отырмыз. Бұлар негізінен студенттер, жылына шамамен 700 мың студент әскерден босатылады. Одан бөлек науқастар, үйленген, бала-шағасы бар азаматтар. Оларды біз ақпараттық жүйеде бөлек категорияға іріктеп, студенттерге смс жолдаған болатынбыз, – деді Дархан Ахмедиев.

Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік қызмет көрсету саласы біртіндеп проактивті жүйеге ауысып жатыр.
— Азаматтың арызынсыз оны әскерден босату мүмкін болды. Мекенжайын ауыстырған кезде, оны әскери комиссариаттар автоматты түрде тіркейді. Ал жұмысқа орналасқанда, бізге келмей-ақ кадр бөлімдері мәліметтерді ақпараттық жүйеден ала алады. Осылайша, тек қана осы бір процесті проактивті түрге ауыстырғанның арқасында қазір мемлекет жылына 1 млрд теңгеден астам қаржыны үнемдеп отыр, – дейді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Одан бөлек спикер қазіргі таңда 17 жастағы бозбалалар алғашқы әскери тіркеуге тұру үшін ешқайда бармайтынын, бәрі онлайн форматта автоматты түрде жасалатынын атап өтті.
Сондай-ақ елімізде енді әскерге шақырылатын жастарды жасанды интеллект іріктейтіні белгілі болды. Электрондық базаға енгізілген азаматтардың білімі, бойы, салмағы, отбасылық жағдайы сынды мәліметтер сарбаздың қандай әскер түріне жарайтынын анықтауға мүмкіндік бермек.

– Барлық мемлекеттік жүйелерден келіп жатқан деректерден жасанды интеллект олардың қай салада, қай әскер түріне жарайтынын анықтап отырады. Денсаулығы, бойы, көзінің көруі, құлағының естуі, қай жаққа қабілеті бары секілді мәліметтерді есептей отырып, жасанды интеллект қазіргі комиссияға ұсыныс береді. Ары қарай комиссия өздері шешім қабылдайды. Мысалы десант-шабуылдаушы әскер сапына қабылдау үшін сарбаздың бойы ұзын, денсаулығы жақсы болуы керек. Ал байланыс саласы мамандықтарына жіберетін болсақ, ол жақта есту қабілеті жақсы болуы керек. Бұл жүйе қазір тестілеуден өткізіліп жатыр, жақын арада іске қосамыз деп отырмыз, – дейді ҚР ҚМ Ақпараттық технологиялар департаментінің бастығы Бекжан Мырзағалиев.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан қалай цифрлық хабқа айналып келе жатқаны жайлы жазған едік.