ЖИ азаматтарға арналған бірыңғай профиль қалыптастыруға көмектеседі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жасанды интеллект азаматтарға мемлекеттік қызметтерді «өмірлік жағдайлар» қағидаты бойынша ұсынатын бірыңғай жүйеге енгізіледі. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, осы бағыт стратегиялық құжаттағы негізгі үш блоктың бірі саналады. Бірінші кезеңде жасанды интеллект азаматтарға арналған қызметтерге енгізіледі.
– Президенттің стратегиялық құжаты бекітілді. Осы стратегиялық құжаттың ішінде үш блок бар. Біріншісі – азаматтарға арналған. Биыл біз осы жұмысты бастаймыз, жасанды интеллектті осы бағытта енгіземіз. Ең бірінші азаматтарға арналған жұмысты істейміз, – деді Бахтияр Мұхаметқалиев.
Оның айтуынша, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді бір-бірімен ықпалдастыру арқылы азаматтарға арналған бірыңғай профиль қалыптастыру көзделіп отыр. Мысалы, денсаулық сақтау және басқа да салалардағы ақпараттық жүйелер бір платформада жұмыс істейтін болады.
– Бұрын әр бағытта ақпараттық технологиялар бөлек енгізіліп, әр жүйе жеке жұмыс істеді. Қазір барлық ақпараттық жүйені бір-біріне қосамыз. Бір профиль, бір платформа негізінде жұмыс істейміз. Сондықтан біз «өмірлік жағдайлар» деп айтып отырмыз. Мысалы, мектепке немесе университетке түсу сияқты жағдайларда жасанды интеллект қосылып, жүйелер өзара ықпалдасады. Соның негізінде азаматтарға не істеу керек, қайда бару керек және қандай қызметтерді пайдалану қажет екені туралы ұсыныстар беріледі, – деді спикер.
Бахтияр Мұхаметқалиев айтуынша, келесі кезеңде жасанды интеллект экономиканың нақты секторларына енгізіледі.
– Екінші қадам экономиканың түрлі бағыттарына, соның ішінде өнеркәсіпке жасанды интеллект енгізу. Бұл, әрине, экономикаға ықпал етіп, табыс әкелуі тиіс, – деді ол.
Спикер мемлекеттік органдарда қазірдің өзінде көптеген ақпараттық жүйе бар екенін атап өтті. Алайда негізгі міндет оларды ортақ платформаға біріктіру.
– Бізде қазір мемлекетте бірнеше ақпараттық жүйе бар. Олар әртүрлі. Бірақ біз үшін ең маңыздысы осы технологиялардың барлығын бір платформаға қосу, – деді Бахтияр Мұхаметқалиев.
Айта кетейік, енді eGov GPT арқылы мемлекеттік қызмет алуға болады.