ЖИ — шайқас алаңындағы сауда кедергілері және теңсіздік туралы
АСТАНА. KAZINFORM — Сарапшылар, талдаушылар және Қазақстанның IT-қауымдастығы өкілдері жасанды интеллекттің дамуы бәсекеге қабілетті мемлекеттер пулына жолдама бола алады деген пікірді бірауыздан айтып отыр, деп жазды Kazinform шолушысы Владимир Курятов.

Бірақ бұл — үлкен сынақ, өйткені алдыңғы қатарлы мемлекеттерге ілесу өте қиын.
Бізде осы саланы дамыту үшін өте маңызды жеке микроэлектроника, жартылай өткізгіштер немесе өткізу қабілеттілігі жоғары жады бар чиптер өндірісі жоқ. Ал жасанды интеллект технологияларына қатысты экспорт қатаң бақылауға алынған. Геосаяси күйреу және бүгінгі күні технологиялық даму саласында шайқастардың жүріп жатқанын ескерсек, бұл әбден түсінікті.
Заманауи соғыста ыстық нүктелерден өткен жауынгер емес, ұшқышсыз басқарылатын аппаратты басқаруды жетік меңгерген жас жігіт әлдеқайда тиімді. Ал жақын болашақта футурологтар айтқандай, жасанды интеллект генералдарды алмастыруы мүмкін. Бірақ бұл елестетуге қиын ең нашар сценарий болуы мүмкін.
Бір кездері чиптердің тегін сатылғаны енді сауда кедергілерімен қоршалғаны таңқаларлық па? Чиптерді сатуға тыйым салынған немесе шектелген елдердің тізімі жасалды. Жаһандық сауда тізбегі бұзылып отыр. Көптеген мемлекеттер өздерінің жалпы технологиялық артықшылығын сақтауға тырысып, «қуыршақтанып» барады, бұл дамыған және дамушы елдер арасындағы алшақтықты одан әрі кеңейтеді.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш 2024 жылдың қыркүйегінде Қытайға сапары кезінде атап өткендей ЖИ мүмкіндіктері біркелкі таратылмай отыр.
— ЖИ мүмкіндіктері біркелкі таратылмай отыр. Бүгінгі таңда жасанды интеллект әлеуеті санаулы елдердегі аздаған қуатты компанияларда шоғырланған. Көптеген мемлекеттер ЖИ құралдарына қол жеткізуде күрделі қиындықтарға тап болып отыр. Оның әлеуетін шынайы пайдалану үшін халықаралық ынтымақтастық пен ниеттестік қажет, — деді ол.
Сондықтан «шайқас» тек ұрыс даласында ғана емес, экономикалық өлшемде де, дипломатиялық салада да өтіп жатыр. Қытай бүгінде машиналық оқытуға арналған соңғы чиптердің негізгі жеткізушісі Nvidia технологиялық алыбына қарсы тұрмақ.
Әлемнің көптеген елдері микроэлектрониканың егемендігіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Бірақ қысқа мерзімде қажетті техникалық процестерді жөндеуге бәрінің бірдей күші мен мүмкіндіктері бола бермейді. Бұл кезде дипломатия көмекке келеді.
БҰҰ жанында жасанды интеллект бойынша жоғары деңгейдегі кеңесші орган құрылды. ЖИ тудыратын тәуекелдерді жою және оның барлық адам үшін түрлендіруші әлеуетін пайдалану үшін жаһандық әрекет жоспары ұсынылған.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2024 жылғы 22 қыркүйекте қабылдаған «Болашақ пактісі» қарары аясында Жаһандық цифрлық шарты ұсынылды, оның мақсаттарының бірі — жасанды интеллектке қатысты халықаралық реттеуді күшейту. Бірақ БҰҰ тетіктері әмбебап болғанымен, геосаяси қайшылықтарға байланысты әрқашан тиімді бола бермейді. Ал біз осы жерде және қазір дамуымыз керек. Кез келген артта қалу қиындық тудырады.

Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту мәселесіне келгенде, еліміздің IT-қауымдастығы өкілдері негізгі проблемалардың бірі ретінде сауда кедергілерін атайды.
— Әзірлеуші ретінде мені жасанды интеллект жасай алатын кейбір жабдықтың тым көп реттелуі алаңдатып отыр, — дейді NU жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) директорының Сыртқы байланыс және өнім жөніндегі орынбасары, деректер аға талдаушысы Мәдина Әбдірахманова.
Оның айтуынша, біздің еліміз және әлемнің көптеген елдері белгілі бір чиптерді алу үшін қосымша рұқсат қажет етілуі жағдайымен бетпе-бет келіп отыр. Технологияға қол жеткізуді жасанды түрде шектеу теңсіздікті тудырады. Сарапшы мысал ретінде 100 мың графикалық картаны еш қиындықсыз сатып алған америкалық бизнесмен Илон Маскты келтірді.
— Оның ешқандай проблемасы жоқ! OpenAI-де де осындай жағдай. Олар Nvidia-дан жаңа чиптер мен серверлерді бірінші болып алады. Тиісінше, олардың белгілі бір артықшылығы бар. Бұл менің әзірлеуші ретіндегі көзқарасым, — деп түсіндірді Мәдина Әбдірахманова.
Оның пікірінше, елде жасанды интеллектіні дамытатын орталықтардың болуы да маңызды.
— Мәселен, Еуропаны айтатын болсақ, Францияда өте күшті орталықтар орналасқан. Онда Meta, Mistral AI және басқа компаниялар бар. Тиісінше, академиялық орта мен техникалық алпауыттар арасында тепе-теңдік бар бұл елдерге оңайырақ, — деп атап өтті сарапшы.
ЖИ дамыту үшін есептеу қуатының болуы — маңызды сәттердің бірі, деп растайды 7GENERATION мәліметтерді өңдеу бөлімінің басшысы Артем Рычко.
Бұл мәселені шешудің екі нұсқасы бар. Біріншісі — дайын серверлерді сатып алу, оның құны доллармен жеті санды құрауы мүмкін. Машиналық оқытудағы кластерлік тәсілдерді ескерсек, бұл шынымен де өте қымбат «ләззат». Бірақ ақшаның болуы да мәселені шешпейді, өйткені есептеуіш қуат нарығында үлкен сұраныс пен монополияның белгілі бір деңгейі бар, себебі Nvidia осы саладағы негізгі өндірушілердің бірі.
— Өкінішке қарай, Қазақстанда жаңа фактор қосылды. Геосаяси жағдайға байланысты Nvidia бізге есептеу қуатын экспорттауға шектеу қойды. Бірақ мен бұл мәселені мемлекет шешіп жатқанын білемін, — деді Артем Рычко.
Атап айтқанда, әңгіме ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арқылы жүргізіліп жатқан Nvidia чиптерін Қазақстанға жеткізуге АҚШ-тың экспорттық лицензиясы бойынша келіссөздер туралы болып отыр.
Қазақстанда жасанды интеллектті дамытудың келесі қадамы көп жағдайда осы келіссөздердің тиімділігіне байланысты. Табысқа жетуге үміт бар, өйткені есептеу қуатын жеткізу туралы өтінішімізде «қос түп» жоқ. Чиптерді пайдалану мүмкіндігінше ашық болады.

Ойын ережесі керек
Дегенмен, есептеу қуаты саласындағы маңызды инфрақұрылымның болуы деректердің жайылып кетуіне жол берілмейтін мемлекеттік салада ғана жасанды интеллекттің дамуын баяулатады. Өйткені, шеттегі ChatGPT пайдалану — бұл біз барлық ақпаратты тарататын ақпараттық тесік. Бұл ЖИ егемендігі мәселесі.
Дегенмен, қазақстандық стартаперлер үшін бұлттық провайдерлер бар болғандықтан, серверлердің жетіспеушілігі проблема емес. Соның нәтижесінде Қазақстанда бұл саладағы серпінді өнімдер жасалып та үлгерді. Қазір көптеген жас және амбициялы компаниялар бар, олар бірінші отандық жалғыз мүйізді (нарықтық бағасы бір миллиард АҚШ долларынан асатын стартап-компания — автордың ескертпесі) болу құқығы үшін күресіп жатыр.
Бірақ Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін тағы бір маңызды қадам жасауы — нарықта «ойын ережелерін» құрып, өз шырынына сіңіп кетпей, инвесторларды тартуға тырысуы керек. Бұл ретте Парламент Мәжілісі жасанды инттелектті реттеу бойынша заң жобасына қатысты жұмысты жүргізіп жатыр.
— Цифрлық құқықтың өзіндік артықтышылықтары бар және оның басты ерекшелігі — заң әрқашан технологияның артында жүріп келеді. Технология бірінші орында. Ол қоғамдық қатынастар жүйесінде бір жолмен белгіленеді, содан кейін оны қалай реттеу керек екенін қарастырамыз, — деп атап өтті Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Депутаттың айтуынша, бүкіл әлем жасанды интеллектіні реттеуге өте мұқият қарайды. Бастапқыда реттеуші актілерді қабылдауға тырысу болған жоқ, негізінен этикалық кодекстер, келісімдер немесе концепциялар шығарылды.
Жаһандық реттеуші актіні бірінші болып қабылдаған Еуропалық Одақ еді. ЕО сонымен қатар жеке деректерді қорғауға арналған ChatGPT стандартын бірінші болып қабылдады. Бірақ, жалпы, халықаралық қауымдастық туралы айтатын болсақ, біркелкі реттеуші құжаттар жоқ. Неліктен?
— Әлемдегі ешбір ел технологиялық жарыста жеңілгісі келмейді. Егер біз қандай да бір халықаралық актіге қол қойсақ және ол тіпті бұл этикалық мәселелер болса да кейбір мәселелерде бізді шектейтін болса, біз технологияның дамуында белгілі бір дәрежеде шектелеміз. Дегенмен, құқықтық реттеу ЖИ пайдалану қауіпсіздігі тұрғысынан да, жаһандық инвестицияларды тарту тұрғысынан да маңызды, — деп түсіндірді Екатерина Смышляева.
Ойынның нақты ережелері болмаса, біздің елге бірде-бір инвестор келмейді, өйткені ешкім ақшаға тәуекел еткісі келмейді. Себебі ертең бұл ережелер әзірленуі, ал инвестор олардың бизнес үлгісіне сәйкес келмеуі мүмкін.
— Тағы бір мәселе, Қазақстанда жасанды интеллект қолданатын көптеген шешімдер паузада тұр, өйткені барлық салалар бұл технологияларды құқықтық реттеусіз қабылдауға дайын емес. Бұл жобалардың көпшілігі «пилоттық режимде». Бизнестің мемлекеттік жүйеден айырмашылығы — ол жасанды интеллектті пайдалана алады, әсіресе денсаулық сақтау сияқты тәуекелі жоғары салаларда. Сондықтан, біз сарапшылар қауымдастығының көмегімен технологияларды дамытуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ойын ережелерін нақты және айқын көрсетуге мүмкіндік беретін ыңғайлы заң жасаймыз деп үміттенеміз, — деді Е.Смышляева.

Депутат атап өткендей, көптеген елдер осы салаға инвестиция тарту үшін «реттеуші жем» салуда. Басқа жерде, керісінше, «бұрандаларды қатайтып отыр». Ал IT секторы өте икемді болғандықтан, әзірлеушілер бір юрисдикциядан екіншісіне ауысып отыр. Сондықтан өте мұқият әрекет ету керек.
Парламент қабырғасында «піскен» тағы бір маңызды заң — елді цифрландырудың жетекші қағидаттарын айқындайтын Цифрлық кодекс. Оның басты мақсаты қандай? Ол цифрлық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектіні реттеудің жаңа тәсілдерін жүзеге асыруға, азаматтар мен бизнес үшін қауіпсіз және жайлы цифрлық ортаны құруға мүмкіндік береді.
Перспективалы естіледі. Бірақ, кез келген реттеуші акт сияқты, біз үшін цифрлық алгоритмдер адамды ауыстыра алмайтын белгілі бір сызықты кесіп алмау маңызды.
— Шешімдерді машина қабылдайтын мүлдем қарабайыр жағдайлар бар деген корпорациялардың дауысы қазірдің өзінде шығып жатыр. Олардың ұсынып отырғаны: даулауға болмайтын шешімдердің кейбір санаттарын бөліп көрсетейік. Бірақ бұл — қауіп дабылы. Ертең кез келген санатты бөліп алып, сол жерге бізге қарсылық білдірмеу ыңғайлы болатын шешімдерді қосамыз. Мұндай жағдайлар қазірдің өзінде бар. Бұл біз қазір жұмыс істеп жатқан Цифрлық кодекске қатысты сұрақ. Салалық заңдарда реттеуші шешімді комиссия қабылдаған жағдайда, оны даулау Әкімшілік процедуралық-процессуалдық кодексіне сәйкес жүргізілетінін, бірақ автоматтандырылған шешім болса, даулауға жатпайтын нормаларды белгілейді. Алайда бұл Конституцияға тікелей қайшы келеді. Біздің принципті ұстанымымыз — шешімдерді даулау тәртібі әрқашан болуы керек, — деп атап өтті Е.Смышляева.
Жасанды интеллект — жаңа шындықтың есігі. Бірақ, кез келген басқа тамаша өнертабыс сияқты, оны «қараңғы жаққа» қызмет ететіндей пайдалана алады. Бүгін біз жаңа технологиялар планетаның ақпараттық кеңістігін қалай өзгертіп жатқанын көріп отырмыз. «Шындық эрозиясы» жүріп жатыр. Кейбір нейронжелілер фейктерді жасау құралына айналса, басқалары оларды анықтаумен айналысады. Фантаст жазушылар болжағандай, машиналар машиналарға қарсы соғысып жатыр.
Мұндай жағдайға тап болған адам өзінің сыни ойлау қабілетіне сүйенуге мәжбүр болады, өйткені мемлекет тарапынан реттеу көмектеспейді. Дүние жүзінде егеменді интернет деген ұғым жоқ. Ғаламдық шешімдер қажет, бірақ мұнда, біз көріп отырғанымыздай, бәрі бизнес-процестерге тіреліп отыр.
Әрине, бірдеңе жасалып жатыр. Қазақстанда әзірленіп жатқан жасанды интеллект туралы заң жобасы аясында ЖИ жасаған мазмұнды таңбалауды енгізу жоспарланған. Кейбір ұсыныстар «Майкрософт» сияқты технологиялық алпауыттардан түсіп отыр. Бірақ тұтастай алғанда, бұл саланы құқықтық реттеу бастапқы кезеңде тұр.
Еске сала кетсек, Қазақстан ЖИ енгізуге дайындығы бойынша 50 озық елдің қатарына енді.