ЖИ технологияларын орынды пайдалану экономикалық өркендеуді жеделдетеді – Мемлекет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VII саммитінде сөйлеген сөзінде ЖИ технологияларын орынды пайдалану экономикалық өркендеуді жеделдететінін, сондай-ақ мемлекетті басқарудың тиімділігін арттырып, тұтас аймақтың даму мүмкіндігін кеңейте түсетінін атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Токаев предложил дополнить деятельность СВМДА новым направлением — искусственным интеллектом
Фото: Ақорда

Осы орайда, Мемлекет басшысы тәуекелдерді бірлесіп бақылау қажеттігіне тоқталды.

– Жақында Вашингтонда қол қойылған Суперинтеллект бойынша келісімді құптаймыз. Шын мәнінде, бұл құжат Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы халықаралық шарттың негізі бола алады. АӨСШК аталған үдеріске зор үлес қосуға қауқарлы екеніне сенімдімін. Осы саладағы жаһандық күш-жігер аясында Қазақстан Алматыда БҰҰ ЭСКАТО тұрақты даму мақсаттары үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын орналастырады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесіне мүше мемлекеттер аймағымыздың цифрлық болашағын бірге қалыптастыру үшін Орталық жұмысына атсалысады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі таңда кез келген стратегиялық жобаны жүзеге асыру үшін ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы зор деп санайды. Әсіресе, бірнеше мемлекетке ортақ бастамаларда оның мәні арта түседі.

– Бүгін Қазақстан мен Әзербайжан маңызды кезеңге қадам басты. Елдеріміз Каспий табанымен тартылған Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске асыруға кірісті. Цифрлық Жібек жолы бірегей жобасы Еуразия кеңістігінде анағұрлым жылдам әрі қауіпсіз мәлімет алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Азияның цифрлық әлеуетін нығайтып, ынтымақтастықтың тың бағыттары ашылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК-ні бірегей халықаралық форум деп атаған болатын.