ЖИ жасаған қытайлық сериал 4 млрд қаралым жинады
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда жасанды интеллект көмегімен түсірілген қысқаметражды сериалдар қарқынды түрде танымал болып келеді. Олардың көрермендер аудиториясы 600 млн адамнан асты. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды.
Ең табысты жобалардың бірі – «Сун әулеті кезіндегі қарулы күштер» сериалы. Ежелгі Қытайға тап болған заманауи әскери қызметшілер туралы хикая 4 млрд-тан астам қаралым жинаған.
Жобамен бар болғаны алты адамнан тұратын команда жұмыс істейді. Олар әрқайсысының ұзақтығы екі минуттан аспайтын мың эпизод түсіріп үлгерген.
Жасанды интеллект өндіріс шығындарын айтарлықтай азайтқан. Сала мамандарының мәліметінше, сапалы ЖИ-сериал түсіру дәстүрлі түсірілімге қарағанда шамамен 10 есе арзанға түседі. Сонымен қатар 100 қысқа эпизодтан тұратын сериалды небәрі үш күнде дайындауға болады.
2026 жылдың алғашқы он айында Қытайда шамамен 550 мың қысқаметражды сериал жарық көрген. Олардың 94 пайыздан астамы жасанды интеллект көмегімен жасалған. Ал нарық көлемі алғашқы бес айда 22 млрд юаньнан асқан.
Танымалдығына қарамастан, жобалардың басым бөлігі әзірге шығынға батып отыр. DataEye сараптамалық компаниясының бағалауынша, ЖИ-сериалдардың небәрі 1,3 пайызы ғана пайда табуға қажетті қаралым деңгейіне жетеді.
Сарапшылар саланың негізгі мәселелері ретінде сюжеттердің біркелкілігін, кейіпкерлер бейнесін жасаудағы қателіктерді және жоғары бәсекелестікті атайды. Индустрияның қарқынды дамуына байланысты Қытай билігі мұндай контенттің сапасына бақылауды күшейтіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Дубайда өтетін халықаралық ЖИ-фильмдер байқауында 1 млн доллар ойнатылатыны хабарланған еді.