ЖИ азаматтың өтінішін қай мемлекеттік орган қарауы керегін анықтайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жасанды интеллект e-Otinish платформасына келіп түсетін өтініштерді талдауға және мемлекеттік қызметшілердің оларға жауап беру жұмысын жеделдетуге көмектеседі. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның жасанды интеллект жөніндегі басқарушы директоры Әлібек Сайланбаев айтты.
Оның айтуынша, «Digital Kazakhstan 2029» стратегиялық сессиясы аясында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр.
Сондай-ақ биыл Ұлттық жасанды интеллект платформасы іске қосылған. Ол мемлекеттік қызметшілерге жасанды интеллект құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді.
— ChatGPT, Claude сияқты жүйелер интернетте және шетелдік серверлерде жұмыс істейді. Ал Ұлттық жасанды интеллект платформасы Қазақстанның аумағындағы өз серверлерімізде орналасқан және интернетке қосылмаса да жұмыс істей алады. Оның ішінде ұлттық үлкен тілдік модельдер бар. Мемлекеттік қызметшілер осы құралдарды пайдаланып, түрлі жобаларды тексере алады, — деді Әлібек Сайланбаев.
Оның айтуынша, платформаға азаматтардан жыл сайын миллиондаған өтініш түседі. Енді бұл өтініштерді өңдеу кезінде де жасанды интеллект қолданылмақ.
— Бізге мұнда да жасанды интеллект көмектеседі. Үлкен деректерді жинап, талдау арқылы өтініш түскен кезде оған қай мемлекеттік орган жауап бере алатынын, кім жауап беруі керектігін анықтауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар өтініштің қандай заңнамамен байланысты екенін де анықтай алады, — деді спикер.
Ол e-Otinish арқылы мазмұны қайталанатын, спам сипатындағы немесе нақты мәселеге қатысы жоқ көптеген өтініш түсетінін атап өтті.
Мұндай өтініштерді заң бойынша қарау қажет болғанымен, жасанды интеллект оларды алдын ала белгілеп, мемлекеттік қызметшіге жауап дайындауға көмектесе алады.
— Заң бойынша біз әрбір өтінішке жауап беруіміз керек. Бірақ мұндай жағдайларда жасанды интеллект өтінішті спам немесе негізсіз жолданған өтініш ретінде белгілеп, оған қалай жауап беру керектігі туралы алдын ала жауап дайындауға көмектеседі. Осылайша мемлекеттік қызметшінің уақытын үнемдейді, — деді ол.
Спикердің айтуынша, жасанды интеллекттің көмегімен өтініштерді өңдеу жылдамдығы бірнеше есе артуы ықтимал. Бұл нақты өтініштің мазмұнына байланысты болады.
— Егер бұрын хат немесе жауап дайындауға бірнеше сағат қажет болса, қазір оған бірнеше минут жеткілікті болуы мүмкін. e-Otinish-те де солай. Өтініш түскен кезде жасанды интеллект оны талдайды, мәселенің сипатын, тиісті белгілерді, қандай заңдарға қатысты екенін және қандай әрекет жасау керектігін анықтайды, — деді Әлібек Сайланбаев.
Оның айтуынша, бұл технологияның түпкі мақсаты тек жауап беру процесін жылдамдату емес, азаматтарға берілетін жауаптардың сапасын арттыру.
— Біздің түпкі мақсатымыз — мемлекеттік қызметшілердің азаматтардың өтініштеріне сапалы жауап беруіне көмектесу, — деді ол.
Әлібек Сайланбаевтың айтуынша, азаматтар көбіне өз мәселесі бойынша қай мемлекеттік орган жауапты екенін білмейді. Соның салдарынан өтініш тиісті емес органға түсіп, азаматқа мәселе оның құзыретіне жатпайтыны туралы жауап беріледі.
— Жасанды интеллект өтініш берушіге тиісті мемлекеттік органды таңдауға көмектеседі. Адамдар көбіне қай мемлекеттік органның немесе мекеменің белгілі бір мәселені шешуге жауапты екенін білмейді. Биыл тиісті мемлекеттік органды анықтауға көмектесетін ассистентті іске қосамыз. Сонда негізсіз жауаптар азаяды. Өйткені мәселе жауапты органға бірден түссе, жауаптың сапасы да артады, — деді спикер.
Айта кетейік, ЖИ азаматтарға арналған бірыңғай профиль қалыптастыруға көмектеседі.