Жиырма жастағы қазақ жігіті кәсіп ашуда көш бастады - шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform. ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
20 жастағы қазақ жігіті кәсіп ашуда көш бастады - «Халық газеті»
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, Ердана Жеңісәліұлы Нарат даласында туып-өскен, туған жерінің көркем келбеті мен жылқыға деген махаббаты оны биыл маусым айында оқуын бітірген соң туған ауылына қарай жетеледі.
Ердана Жеңісәліұлы тұратын Нарат жайлауының туристерге бағыттаған мініс ат ұжымы 20 қазақ жігітінен құралған. Әріптестері ұжым бастығы Ерсін Шоқынұлын «Чемпион командасының капитаны» деп атайды.
Қытайлық басылымның мәліметінше, 33 жастағы Ерсін Шоқынұлы Ұлттық шаңғы командасынан мансабын аяқтағаннан кейін анасына қарайласу үшін туған жеріне оралған. Ол спортшы кезінде әлемнің көптеген елін аралаған, ал қазір туған жерінің сұлулығын әлемге таныстыруға үміттенеді. Биыл наурызда ол ауыл тұрғындарының кірісін арттыру үшін «Чемпион» атты мініс ат командасын құрды.
Мініс ат командасы малшылардан 200-ге жуық ат жинап, түрлі бағыттар бойынша туристік шаралар ұйымдастырды. Бұл арада туристер ат мініп қана қоймай, ат шанаға отыру, қарда жарысу сияқты шараларға да қатыса алады, сонымен қатар ат бапкерлері оларға қазақтың қыз қуу, көкпар сияқты дәстүрлі ойындарын көрсетеді.
Қандасымыз аймақтың таңдаулы ұстазы атанды - Janadauir.com
Кәсіптің атасы – ұстаздық... «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші ұстазы ұлағатты болса, шәкірті дана болады. Бұл жолғы «Кәсібім-Несібем» айдарының келесі қонағы аймағымыздағы 2023 жылдың үздігі – елімізге еңбек сіңірген ұстаз Байылқан Ниязұлы атындағы жалпы білім беретін 5-мектептің 3-сынып жетекшісі Бақытнұр Қабкейқызы.
Қымбатты оқырмандар енді назарларыңызға аймақтық таңдаулы бастауыш сынып ұстазы Бақытнұр Қабкейқызымен өткізілген сұхбатты ұсынамыз, деп жазады janadauir.com.
Биыл жаңа жыл қарсаңында аймақтық саңылақ атанған Бақытнұр Қабкейқызы 2008 жылы әдіскер ұстаз, 2014 жылы аға ұстаз мәртебесін алған. Ал, 2015 жылы «Мұғалімдер даңқы», 2016 жылы жетекші ұстаз төсбелгісімен, 2017 жылы ААӨҚ-ның мақтау громатасымен, 2018 жылы аймақтық озат қызметкер төсбелгісімен 2019 жылы үкімет орнының «Білім саласының озат қызметкері» төсбелгісімен, 2020 жылы аймақтың құрметті азаматы төсбелгілерімен маратталған.
Өзбекстан мен Қазақстан 2024 жылға арналған жоспарларды талқылады - «ӨзА»
Өзбекстан мен Қазақстан СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесу барысында екіжақты қарым-қатынаста өткен жылы қол жеткізілген нәтижелерді қорытындылап, алдағы 2024 жылға арналған жоспарларды талқылады.
Бұл туралы өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.
«Әріптесім, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мырзамен телефон арқылы сөйлесу барысында біз жыл бой қол жеткізілген нәтижелерді қорытындылап, алдағы 2024 жылға арналған жоспарларымызды талқыладық. Өткен жылы біз екіжақты қарым-қатынастарымызда көптеген жетістіктерге куә болдық, алдағы жылы бұдан да көп жетістіктер күтеміз», - деп жазған Өзбекстан СІМ басшысы өзінің Telegram каналында.
Қытайдан Қазақстанға кіріп-шыққан жолаушылар саны күрт артты - CNR
Былтыр қараша айында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімі» күшіне енгеннен бері, Шыңжаңның Қорғас кеден бекетіндегі тексеру залы арқылы күн сайын көптеген жолаушылар шекарадан кіріп-шықты.
2024 жылы 3 қаңтарда жолаушылар мөлшері күрт артып, бір күнде шекарадан кіріп-шыққан адамдар саны 2000-нан асты, деп жазады Қытайдың «Орталық халық радиосы».
Аталған БАҚ-тың дерегінше, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енгізуінің арқасында, екі ел тұрғындары арасындағы барыс-келіс пен гумантиярлық ауыс-түйіс анағұрлым жиілей түскен.
Қазіргі уақытта «Қорғас» халықаралық автовокзалында Қазақстанға 4 халықаралық жолаушылар бағыты бар.
Қорғас шекарадан кіріп-шығу шекара қорғаныс тексеру пунктінің санды мәліметіне қарағанда, 2023 жылы Қорғас шекара өткелі арқылы шекарадан кіріп-шыққандар 730 мың адамға жетіп, 2019-жылдағыдан 208.56% артып, Шыңжаңдағы жолаушылар тасымалы ең жоғары шекара өткелі болған.
Тоқаев 2023 жылы 19 елге сапармен шықты – «TRT»
Қазақстан Президентінің Баспасөз қызметі жылды қорытындылады.
2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарқынды дипломатиялық қадамдары жалғасты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы шетелге 19 рет сапар жасады. 27 халықаралық форум мен саммитке қатысты. Атап айтқанда, шет мемлекеттердің президенттерімен 30, шетел үкіметтері басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен, іскер топтар өкілдерімен 106 кездесу өткізілді. Мемлекет басшысының сапарлары шеңберінде 18 екіжақты құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар 27 мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. 41 елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Түркиялық басылым, Қазақстан Парсы шығанағы елдерімен ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестікті нығайтуға мән бергені туралы да жазған.
Сонымен бірге ол Транскаспий дәлізін дамыту бойынша жұмысты күшейткенін тілге тиек еткен.
Тоқаев жұмыс сапармен елдің 14 өңірінде болғаны да айтылған.
«Мемлекет басшысы 5 мыңнан астам құжатқа, оның ішінде 98 заңға, 344 Жарлыққа, 91 Өкімге қол қойды. Елбасының тапсырмасымен мұғалімдердің жалақысы 100 пайызға, дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға көтерілді», деп жазады түркиялық БАҚ.
Қазақстан ресейлік авиабазада әскери қызметшілер үшін киіз үй тікті - «Parstoday»
Сириядағы ресейлік Хмеймим авиабазасында орналасқан киіз үйде ислам дінін ұстанатын әскери қызметшілер намаз оқи алады, деп хабарлайды «Parstoday» ақпарат агенттігі Ресей қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ресей қорғаныс министрлігі Қазақстанның бұл ерекше де бағалы сыйы екі бауырлас ел арасындағы мызғымас достықтың символына айналды деген.
«Қазақстанның бұл ерекше де бағалы сыйы екі бауырлас ел арасындағы мызғымас достықтың символына айналды және ол Сирия аумағында лаңкестікке қарсы күресте жүрген ресейлік әскери қызметшілер арасындағы ұлтаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз», - деп атап өткен Ресей қорғаныс министрлігі.
Намазхана барлық қажетті атрибуттармен жабдықталған.
Алтайдың жүн-терілі шаңғысы әлемге танымал бола түсті – «Халық» газеті
Алтай «қар қаласы» ретінде белгілі. Ежелгі заманнан бері аң терісі жергілікті қазақтардың қысқы өндірісі мен тұрмысы үшін маңызды құралдардың бірі болды. Қуанышбектің үйінен 40 шақырымнан астам жерде орналасқан Дөңдібұлақ үңгірінде 10 000 жылдан астам тарихқа ие шаңғы теуіп, аң аулаған суреттері бар.
Бұл туралы Қытайлық «Халық» газеті басылымы хабарлады.
Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, жүн-терілі шаңғылардың артықшылығы - олармен өрге жүруге де болады. Алтайлық Қуанышбектің айтуынша, кейде қыста қалыңдығы екі метрден асатын қар жауады, ондайда атпен жүре алмайсыз. Шаңғының бұл түрі малшылардың қатынасына кепілдік етеді.
Айта кетейік, Бейжіңдегі 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында қар-мұз мәдениетін насихаттаудың арқасында Шыңжаңның Алтай аймағы шаңғы спортының алғашқы көзі ретінде әлемге танымал болды. Сонымен қатар Қуанышбектің жүн-терілі шаңғыларына да көбірек тапсырыс келіп түсіп, бизнес жыл сайын жақсарып келеді екен.
«Қуанышбек сонымен қатар short video платформасында аккаунт ашып, өзі видео түсіріп және монтаждап, жүн-терілі шаңғыны жасау процесін көрсететін бейнелерді көпшілікке ұсыну арқылы осы ежелгі мәдениетті көбірек жастарға танымал етті», деп жазады қытайлық басылым.