ЖИ қолданатын оқушының білімін мұғалім қалай бағалауы керек

АСТАНА. KAZINFORM — Мектептерде жасанды интеллектіні қолдану стандарты бекітілген болатын. Құжаттың білім беру жүйесіне әкелетін өзгерістерін Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті басқармасының басшысы Асыл Түймебаев түсіндірді.

ЖИ қолданатын оқушының білімін мұғалім қалай бағалауы керек
Видеодан алынған кадр

Оның айтуынша, стандарт мұғалімдер мен оқушылардың жасанды интеллектіні сауатты әрі жауапкершілікпен пайдалануына бағытталған. Құжатта ЖИ-ді қолдану мәдениеті, деректерді қорғау, академиялық адалдық пен құқықтық реттеу талаптары қамтылған.

— Жасанды интеллект білім беру саласына енді ғана кеңінен еніп жатыр. Мұғалімдер оны оқу үдерісінде қалай қолдану керектігін әрдайым біле бермейді. Сондықтан министрлік арнайы стандарт бекітті. Онда ЖИ-ді пайдаланудың негізгі қағидалары мен талаптары айқындалған, — деді ол Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін Live» бағдарламасында.

Стандарттағы маңызды талаптардың бірі — академиялық адалдықты сақтау. Яғни оқушы ЖИ дайындаған жауапты өз жұмысы ретінде ұсынбауы керек. Ал оны қандай тапсырмада және қалай қолдануға болатынын мұғалім белгілейді.

— Қазір жасанды интеллектіні толық шектеу мүмкін емес. Бірақ оны барлық тапсырмада еркін қолдануға да болмайды. Сондықтан тепе-теңдік сақталып, шешім қабылдау педагогтің құзыретіне беріледі. Мұғалім сабақ басталғанға дейін қай тапсырманы ЖИ көмегімен, қайсысын онсыз орындау керектігін түсіндіруі тиіс. Оқушы оны дайын жауапты көшіру үшін емес, тапсырманы орындау жолдарын түсінуге көмектесетін құрал ретінде пайдалануы керек. Ал педагогтер ЖИ көмегімен сабаққа дайындалып, оқу контентін әзірлей алады, — деді басқарма басшысы.

Стандартпен қатар, министрлік ЖИ құралдарын мектеп тәжірибесіне енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, технология шағын мектептерде сынақтан өткізілуде. Қараша-желтоқсан айларында пилоттық жобаға қатысатын мектептер санын 50-ге дейін жеткізу жоспарланған.

Педагогтердің жаңа технологияларды меңгеруіне де басымдық беріліп отыр. Бүгінге дейін 340 мыңнан астам мұғалім ЖИ-ді оқу үдерісінде тиімді қолдану бойынша тегін онлайн курстан өткен. Сонымен бірге Қазақстанда OpenAI компаниясымен бірлесіп, білім беру жүйесіне ЖИ құралдарын енгізуге бағытталған ұлттық жоба басталды.

— Жоба аясында 165 мың педагогке білім беру мақсаттарына бейімделген ChatGPT Edu жүйесіне қолжетімділік беріледі. Лицензия мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге, колледждер мен жоғары оқу орындарына, ғылыми-зерттеу институттары мен Astana Hub-қа таратылады, — деді Асыл Түймебаев.

Бұған дейін ата-аналар мен педагогтердің ұсынысын жинақтайтын платформа іске қосылатынын жазған едік.