Жыл басынан бері 15 мың баланың құқығы қорғалды
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл арнайы жасақталған мобильді топтар 400-ден астам отбасын тексеріп, 15 мың баланың құқығын қорғады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың жауабында айтылған.

- Өткен жылдан бастап әрбір білім беру мекемесіне кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, учаскелік полиция инспекторлары және жедел уәкілдер бекітілді. Олар апта сайын мектептер мен колледждерде профилактикалық шаралар өткізеді. Оқу орындарының жанында жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полицияның маршруттары білім беру мекемелерінің жанынан өтеді, - деді вице-премьер жауабында.
Сондай-ақ, оның атап өтуінше, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және балалардың жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жедел профилактикалық шаралар және «Жасөспірім», «Қауіпсіз балалық шақ», «Түнгі қаладағы балалар», «Назар аударыңыздар - балалар!» акциялары ай сайын өткізіліп тұрады.
- Құрамында полиция қызметкерлері, қамқоршылық және қорғау органдарының мамандары, прокуратура, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, психологтар, балалардың құқықтары жөніндегі аймақтық уәкілдер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері кірген жергілікті атқарушы органдар жанындағы мобильді топтар биыл 400-ден астам отбасын тексеріп, 15 мың баланың құқығын қорғауды қамтамасыз етті. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алудың жаңа жүйесін енгізуге, ерте профилактикаға, заңға бағынатын азаматты қалыптастыруға, мектепішілік педагогикалық сүйемелдеуді реттеуге және басқа да мәселелерге бағытталған концептуалды жаңа жалпы «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Заң әзірленді, - деді Ермек Көшербаев.
Бұған дейін балалардың құқығын қорғайтын бөлек басқарма құрылғанын жазған едік.