Жыл басынан бері 21 мыңға жуық мас жүргізуші ұсталған

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері 25 мыңнан астам жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылған. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты.  

алкоголь
Фото: Pexels

«Жүргізуші тәртібіне бақылау күшейтілді. 21 мыңға жуық мас жүргізуші ұсталды. 10 мыңға жуық қарсы жолаққа шығу деректерінің жолы кесілді. 25 мыңнан астам жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылып, 20 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды. 400 мыңға жуық жаяу жүргіншіге айыппұл салынды. Жалпы, 2024 жылы 10 миллионнан астам жол ережесін бұзу фактілері анықталды. Бұл былтырғы жылға қарағанда 3 миллионға артық. Ол үшін автоматты түрде тіркеу камералары белсенді қолданылуда. Олардың көмегімен 7 миллионнан астам жол ережесін бұзғандар анықталды», - деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ Қайсар Сұлтанбаев автокөлік жолдарын күтіп ұстау және жол жүрісін ұйымдастыру жұмыстары жайлы айта келе, бұл салада 38 мыңнан астам тексеру жүргізіліп, жолдарды күтіп ұстауда 36 мыңнан астам кемшілік анықталғанын атап өтті. Осыған қатысты 5,5 мыңға жуық лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бүгінде жолдарды күтіп ұстау қағидаларын бұзғаны үшін салынатын ең төменгі айыппұл – 55 380 теңге.

Спикердің айтуынша, жолдағы жағдайды бақылау аясында полиция тарапынан жүйелі шаралар қабылданып жатыр. «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Автокөлік», «Абайлаңыз, балалар!» секілді жедел профилактикалық шаралар өткізіліп тұрады. 

Айта кетейік, бұған дейін елімізді биыл 22 мыңнан астам жол апаты тіркеліп, 2 мың адам қаза болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар