Жыл басынан бері 5 мыңнан астам қазақстандық Өзбекстанда ем алған
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Биыл қаңтар-тамыз айлары аралығында 62 мыңнан астам шетелдік Өзбекстанда ем алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, қамтылып отырған кезеңде Өзбекстанға емделу мақсатында келгендердің көбі Тәжікстан азаматтары (44 209 адам). Сондай-ақ, дертіне дауа іздеген қырғызстандықтар да (10 427 адам) аз емес.
Ал сегіз ай ішінде 5 483 Қазақстан азаматы Өзбекстанда ем алыпты. Келушілердің басым көпшілігі Ташкент және Самарқанд қалаларындағы клиникалардың қызметіне жүгінген.
Мұнымен бірге, Ресей (1 280 адам), Ауғанстан (343 адам), Түрікменстан (204 адам) және Түркиядан (31 адам) келген науқастар да бар.
Еске салайық, бұған дейін Ташкентке ем алуға баратын бүлдіршіндердің 90% Қазақстаннан екенін жазып едік.