Жыл басынан бері 79 қазақстандық бүйрегін алмастырған

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев Мәжіліс депутатының сауалына берген жауабында жыл басынан бері ел аумағында 141 ағза алмастыру отасы жасалғанын мәлім етті.

Аурухана
Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

Айта кету керек, депутаттық сауал бүйректі ауыр сырқатына қарсы ем шараларының тиімділігін жүйелі стратегиялық қадамдармен жетілдіру, бүйрек жеткіліксіздігіне әкелетін факторлардың алдын алу мәселелері қамтылған.

- Жыл басынан бері 141 ағза трансплантациясы жүргізілді, оның ішінде 79 – бүйрек. Маусым айындағы жағдай бойынша қайтыс болған донордан 24 трансплантация жасалды, оның ішінде 11 – бүйрек, - деп жазады бірінші вице-министр.

Оның мәліметі бойынша, былтыр «бүйрек функциясының жеткіліксіздігі» N17-19 диагнозының 5619 жағдайы жаңадан тіркелген.

- Заңнама арқылы реттеу үшін 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 21 жасқа дейінгі азаматтарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды. Сондай-ақ сау адамдардың ағзасында қант диабетінің дамуын болдырмау үшін құрамында қант бар сусындарға салық салу мәселесі пысықталып жатыр, - деп жазады Тимур Сұлтанғазиев.

Еске салсақ, сәуір айында елімізде алғаш рет үштік айқас бүйрек трансплантациясы жасалған еді. 

Соңғы жаңалықтар