Жыл басынан бері балабақшаларда 28 мың жаңа орын ашылған

Балабақша
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамтуды арттыру мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың және жаңа орындарды ашудың қадамдық жоспары әзірленіп, бекітілді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша балабақшаларда жаңадан 28 мыңға жуық орын ашылды. Осылайша, балаларды сапалы түрде мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту 91,5%-ға өсті.

«Жаңа орындарды ашу - жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымдарды салу, реконструкциялау және кеңейту, жалпы білім беретін мектептер жанындағы шағын орталықтар желісін кеңейту, мемлекеттік білім беру тапсырысын жеке балабақшаларға орналастыру есебінен жоспарланып отыр. Бүгінде ол бойынша Павлодар облысы жоғары көреткішке қол жеткізді», - дейді мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.

Елімізде жалпы саны 11,5 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Онда барлығы 1 миллионнан астам бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Биыл 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбие берумен қамту көрсеткішін 92,5%-ға дейін арттыру жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар
telegram