Жыл басынан бері елімізде 250 шақырым су құбыры желісі салынды

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл соңына дейін 6 облыста 10 жоба пайдалануға беріледі. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті.

су құбыры
Фото: primeminister.kz

- Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша шамамен 250 шақырым (нақты – 248,9 км) су құбыры желісі салынды. Жыл соңына дейін 6 облыста 10 жоба пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 500 мың тұрғыны бар 150 ауылдық елді мекеннің сумен қамту жағдайы жақсарады, оның ішінде 1542 тұрғыны бар 4 ауылға алғаш рет орталықтандырылған ауызсу жүйесі қосылады, - деді Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында.

Сонымен қатар министр Ақмола, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облысында топтық су құбырын қайта жаңарту бойынша 6 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

- Аталған жобалар 102 шақырым су құбыры желісін қайта жаңартуды көздейді. Бұл 335 мың адам тұратын 202 елді мекеннің сумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етумен қатар, су ресурстарын тиімді әрі орнықты пайдалану, оның ішінде заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу, мемлекеттің су саясатының – басты басымдық, - дейді ведомство басшысы.

Айта кетейік, 2027 жылға дейін су есептеу жүйесін толық цифрландыру жоспарланып отыр. 

Елімізде ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар