Жыл басынан бері елімізде өрт салдарынан 213 адам көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM – Өрт оқиғалары еліміздің үш ірі қаласы мен екі облысында көбейді. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев мәлім етті.
«Жыл сайын елімізде орта есеппен 10 мыңнан астам өрт дерегі тіркеледі. Тілсіз жау көп жағдайда жеке тұрғын үй секторын шарпып жатады. Бірінші қазаннан бастап жылу беру кезеңі басталды. Тұрғын үй секторында 100-ден астам өрт тіркеліп, 17 адам қаза тапты, оның ішінде 6 бала бар. Осы мерзімде өрт салдарынан 13 адам жараланды», - деді Қ. Доспаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жыл басынан бері 8 мың өрт тіркеліп, 213 адам қаза болған, 213 адам жараланған.
«Өрт оқиғаларының көбеюі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы мен Маңғыстау облыстарында байқалды. Қаза тапқандардың көпшілігі Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Атырау және Қостанай облыстарында тіркелді. Бұл ретте, 64 адам мас күйінде болған», - деді ведомство өкілі.
«Жеке тұрғын үй қорының өртке қарсы жағдайын бақылау қолданыстағы мемлекеттік заңнамамен қарастырылмағанын (өтініштер мен шағымдарды есептемегенде) атап өткім келеді. Біз тек тұрғындарға қауіпсіздік жағдайын түсіндіреміз. Оның барысында үйлерді аралаймыз және тұрғындардың келісімімен үйлер тексеріледі. Бұл ретте тұрғындарға нұсқаулықтар беріледі. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу анықталған кезде әкімшілік шаралары қолданылмайды», - деді Қ. Доспаев.
Оның сөзіне қарағанда, халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударылады. Әкімдіктермен бірлесіп осы санаттағы адамдарға тиесілі 101 мың тұрғын үй есепке қойылды. Қазір олардың 98% профилактикалық жұмыспен қамтылды, 278 мың адамға тиісті нұсқау берілді.
«Сонымен қатар, былтырғы тәжірибеге сүйене отырып, профилактикалық жұмыстар автономды жылыту жүйелерімен байланысты жазатайым оқиғалар қаупі бар тұрғын үйлерді қамтиды. Мәселен, 220 мыңнан астам үйді аралап, 580 мыңға жуық адамға нұсқау берілді. Тұрғын үй секторында анықталған кемшіліктер барлық жерде бірдей. Яғни көп жағдайда пеш мұржалары тазартылмаған, электр энергиясы желілері мен пештер жөнделмеген», - деді ведомство өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 11 қазан күні Қостанай облысында өрт шығып, бес бала қаза тапты.
15 қазанда елордадағы жатақханадан өрт шығып, бес адам уланып қалды.