Жыл басынан бері қанша тұрғын үй алаңы пайдалануға берілгені айтылды
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы қаңтарда құрылыс жұмыстарының көлемі 12,7% өсіп, 140,5 млрд теңгені құрады.

2024 жылғы қаңтармен салыстырғанда жұмыс көлемінің ұлғаюы тұрғын емес ғимараттар (42,2%) мен ғимараттар (15%) құрылысы мен олардың жөндеу жұмыстары көлемінің өсуімен байланысты.
Республика бойынша құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінің 81,6% жеке құрылыс ұйымдары орындаған, шетелдіктер – 17,8%, мемлекеттік ұйымдар – 0,6%.
2025 жылғы қаңтарда орындалған құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) түрлері бойынша ең көп үлесті тұрғын емес ғимараттар (жалпы көлемге 36,9%) мен автомобиль жолдары (17,6%) және тұрғын үйлер (6,2%) құрылысы алып отыр.
Өңірлік бөліністе құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы республиканың он сегіз аймағында байқалды. Айтарлықтай өсім Шымкент қаласында (2,9 есе), Маңғыстау (2,7 есе), Ақмола (2,3 есе), Жетісу (2,1 есе), Батыс Қазақстан (86,2%), Абай (74,8%), Шығыс Қазақстан (69,7%), Қызылорда (67,2%), Павлодар (49,7%), Қостанай (45,6%), Жамбыл (33,1%), Ұлытау (32,3%), Қарағанды (23,4%) облыстарында және Астана (71,3%) қаласында байқалған.

2025 жылдың қаңтарында пайдалануға берілген жаңа нысандардың жалпы алаңы 942,8 мың шаршы метр. Оның ішінде тұрғын үйдің жалпы алаңы 2024 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 26,9% азайып, 766,1 мың шаршы метрді құрады.
Білім беру саласында 2025 жылдың қаңтарында 3090 оқушыға арналған 3 жалпы білім беретін мектеп пен 600 орындық 2 балабақша пайдалануға берілді.
Бұған дейін елордада құрылысы ұзаққа созылған сауда орталығы сатылымға қойылғанын жаздық.