Жыл басынан бері Қазақстанда 373 автокөлік өртенген

АСТАНА. KAZINFORM – Қыс мезгілінде автокөліктердің өртену қаупі едәуір артады. Жыл басынан бері еліміз аумағында 373 көлік өртенген.

в
Фото: ТЖМ

Мамандардың мәліметінше, аязды күндері мұздап қалған бөлшектер мен агрегаттарды ашық отпен жылыту әрекеттері салдарынан көлік өрттері жиілейді. Көлікті жылыту үшін ашық отты қолдануға қатаң тыйым салынады. Бұл азаматтардың өмірі мен мүлкіне нақты қауіп төндіреді.

- Автокөліктердің өртенуінің негізгі себептері – электр жүйесінің ақаулары, сымдар оқшаулауының зақымдануы, жанармай мен майдың ағуы, агрегаттардың қызып кетуі, сондай-ақ қосымша электр құрылғыларын орнату кезінде туындайтын қысқа тұйықталу. Техникалық ақауы бар көлікті пайдалану өрт қаупін едәуір арттырады.

Автокөлікте жанғыш материалдар көп. Тіпті болмашы ақаудың өзі от көзінің әсерінен өрттің тез таралуына және көліктің толық жанып кетуіне әкелуі мүмкін, - дейді мамандар.

Төтенше жағдайлар министрлігі автокөлік иелеріне көлікті уақтылы техникалық қызметтен өткізуге, электр және жанармай жүйесінің жай-күйін тұрақты бақылауға, ақауы анықталған көлікті пайдаланбауға, көлікте әрдайым жарамды өрт сөндіргіштің болуын қамтамасыз етуге және мұздап қалған бөлшектерді жылыту үшін ашық отты қолданбауға кеңес береді.

Мамандар, әсіресе ауа температурасы төмендеген кезеңде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Айта кетейік, кеше Астанада салынып жатқан LRT станциясы маңында өрт шықты.

Соңғы жаңалықтар
Референдум