Жыл басынан бері Қазақстаннан Өзбекстанға бағытталған ақша аударымдары $620 млн асты

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл 9 айда Өзбекстанға шет мемлекеттерден түскен ақша аударымдарының көлемі 34,8%-ға өсті. Бұл туралы ӨР Орталық банкінің төрағасы Мамаризо Нурмуратов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Евро деньги ақша
Фото: Александр Павский/Kazinform

Қамтылып отырған аралықта Өзбекстанға $11,6 млрд ақша аударылған. Былтыр сәйкес кезеңде ол $8,4 млрд болған еді.

Орталық банк төрағасының айтуынша, Ресейден түскен қаражат 35%-ға өсіп, $8,75 млрд теңелді. Бұл ретте оның жалпы аударымдар көлеміндегі үлесі 77 пайыздан 75,3 пайызға төмендеді.

Оңтүстік Кореядағы еңбек мигранттарынан $420 млн (+76%) түссе, 9 ай ішінде Қазақстаннан Өзбекстанға $625 млн ақша аударымы жасалған.

Ал АҚШ-тан - $415 млн, Түркиядан - $291 млн, Ұлыбританиядан - $93 млн (+67%), Польшадан - $48 млн түсті. Сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірліктерінен жасалған ақша аударымдарының көлемі 66%-ға өсті.

Қоса кетсек, бұған дейін Өзбекстандық еңбек мигранттарының ақша аударымдары жалпы халық табысының 16% тең екенін жазып едік.

Соңғы жаңалықтар