Жыл басынан бері Өзбекстан алтын экспортын 70%-ға арттырды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл 9 айда Өзбекстан алтын экспортын 70,9 пайызға арттырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, қаңтар-қыркүйек аралығында Өзбекстан 9,8 млрд доллардың алтынын шет елдердің нарығына шығарды. Әсіресе, көршілес мемлекет сәуірде қымбат металл экспортын екі еселеді. Яғни, ол айда Өзбекстан алтын саудасынан 1,91 млрд доллар пайда тапты.
Қаңтар-қыркүйек аралығында ресми Ташкенттің жалпы экспорты 26,6 млрд доллар болса, соның 37 пайыздан астамы алтын саудасынан түскен кіріске тиесілі.
Айта кетейік, бұл уақытқа дейін ең жоғары көрсеткіш 2023 жылы тіркелді. Ол кезеңде алтын экспорты есебінен ел экономикасы 8,15 млрд долларға толыққан еді.
Еске салсақ, биыл маусымда Өзбекстанның халықаралық резервтері мен алтын-валюта қоры 1,1 млрд долларға қысқарды. 1 шілдедегі мәліметке сай, Орталық банктің резервіндегі активтердің жалпы құны 48,5 млрд долларға бағаланған. Ал мамырдың қорытындысы бойынша көршілес елдің алтын-валюта қоры 49,6 млрд доллар болған еді.