Жыл басынан бері Өзбекстанда 80 ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Ішкі істер министрлігі биылғы бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, үш айда Өзбекстанда 80 ұйымдасқан қылмыстық топ анықталып, олардың құрамына болған 211 адам ұсталды. Сонымен қатар қамтылып отырған кезеңде республикада жалпы саны 6 211 қылмыс тіркелген.
- Есірткінің заңсыз айналымы фактілері бойынша 4 080 қылмыстық іс қозғалды. Нәтижесінде ұйымдасқан топтар мен жеке адамдардан 872 келі есірткі, 33 келі синтетикалық заттар және 296 мыңнан астам күшті әсер ететін препараттар тәркіленді, - делінген министрлік хабарламасында.
Биыл алғашқы тоқсанда көршілес ел аумағында 1 076 сыбайлас жемқорлық қылмысы жасалып, олардан 199,5 млрд сум (шамамен $16,4 млн) залал келді. Мұнымен бірге үш ай ішінде 18 мыңнан астам киберқылмыс тіркелді. Фактілердің 97 пайызында алаяқтар электрондық төлем жүйелері арқылы азаматтардың ақшасын жымқырған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, өзбекстандықтар алаяқтар рәсімдеген несиелерді төлеуден босатылмақ.
Еске салайық, 2024 жылы Өзбекстанның Орталық банкі алаяқтар ұрлаған 9,5 млрд сумды (шамамен $732 мың) бұғаттап тастаған.
Сондай-ақ, былтыр Өзбекстанда жемқорлыққа барған 252 әкімдік қызметкері қылмыстық жауапқа тартылды.
Мұнымен бірге, 2026 жылдың алғашқы екі айында Өзбекстанның құқық қорғау органдары 8 зертхананы анықтап, 375 келі есірткі тәркіледі.